Қазақстан мезгілсіз өлім-жітімді төмендетуге қол жеткізген әлемдегі 10 елдің біріне айналды — ДДҰ

Фото: Фото: onehealthinitiative.com

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан созылмалы инфекциялық емес аурулардан болатын мезгілсіз өлім-жітімді төмендетуге қол жеткізген әлемдегі 10 елдің біріне айналды. ДДҰ Еуропалық өңірлік бюросының директоры Ханс Клюге бұл ретте мемлекеттік қолдау шаралары маңызды рөл атқарғанын атап өтті. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрлігі мәлім етті.

— Қазақстан — жүрек-қан тамырлары аурулары, онкологиялық және басқа да созылмалы жұқпалы емес аурулардан болатын мезгілсіз өлім-жітімді төмендетуге қол жеткізген әлемдегі он елдің бірі. Қазақстанның алдын алу саласында қабылдап жатқан шаралары үлкен әсер етті: вейптерге тыйым салынды, алкогольге қатысты қатаң саясат жүргізілуде, адам папилломасы вирусына қарсы екпе салу бағдарламасы жүзеге асырылуда, — деп атап өтті Ханс Клюге. 

Ол сондай-ақ көп ұзамай ДДҰ қамқорлығымен Қазақстан мен ДДҰ Еуропалық бюросы арасындағы ынтымақтастық аясында жоғары білікті кадрларды даярлау жүзеге асырылатын Алғашқы медициналық-санитарлық көмек академиясын ашу жоспарланып отырғанын айтты. Жас мамандар алғашқы медициналық-санитарлық көмек деңгейінде оқып, медициналық қызмет көрсететін болады.

Бұған дейін хабарланғандай, АҚШ Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымынан шықты.