Қазақстан ММА құрамасы Азия чемпионатынан 25 медаль жеңіп алды

Фото:
ДУШАНБЕ. ҚазАқпарат - 27-30 қазан аралығында Тәжікстан астанасы Душанбе қаласында ММА бойынша Азия чемпионаты өтті. Азия біріншілігіне 18 елден келген 200 шақты спортшы қатысты. Ел намысын ММА ұлтық құрамасының 37 спортшысы қорғаған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қазақстанның құрамасы 7 алтын, 8 күміс және 10 қола жүлдеге ие болды.

Жастар арасында 61,2 келі салмақта финалдық белдесуде Адэль Махаметова (Алматы облысы) өзбек спортшысы Зебинисо Отакулованы үшінші раундта техникалық нокаутпен аяқтап, Қазақстан қоржынына алғашқы алтынды салды.

Жастар арасында 56,7 келіге дейінгі салмақта Ерсұлтан Шакенбай (Астана) финалдық белдесуде төрешілердің шешімімен моңғолиялық Отгонбаатар Болтбаатарды жеңіп, спорттық мансабындағы тағы бір алтынды қанжығасына байлады.

Айта кетейік, Ерсұлтан 16-17 жас аралығындағы жасөспірімдер, 18-20 жас аралығындағы жастар арасында әлем чемпионы, Орталық Азия, Еуропа чемпионы, ал енді Азия чемпионы атағын да бағындырды.

83,9 келіге дейінгі орта салмақта (жастар) финалда екі қазақстандық – Денис Черепенко (Жамбыл облысы) мен Диас Осер (Алматы) кездесті.

Үш раунд бойы белдесіп, Диас Осер бірауыздан жеңіске жетіп, ММА бойынша Азия чемпионы атанды. Черепенко екінші орынды иеленді.

Жастар арасында 65,8 келі салмақта Самғат Шабдан (БҚО) төрешілердің шешімімен тәжікстандық Умронжон Мансуровтан ұтылып, күміс жүлдегер атанды.

Ересектер арасында 10 қазақстандық спортшы Азия чемпионатының «алтынына» таласты.

47,6 келіге дейінгі салмақтағы алғашқы белдесуде екі қазақстандық қыз – Түймегүл Жүніс (Шымкент) пен Қымбат Ахмет (Түркістан облысы) кездесуі тиіс еді.

Бірақ қыздар жекпе-жексіз жеңіс тұғырын былайша бөлісті: Ахмет чемпион атанды, Жүніс екінші орынды иеленді.

52,2 келі салмақта Ерұлан Қабдулов (Атырау облысы) тәжікстандық Исрофил Толибзодамен кездесті. Үш раундтың қорытындысы бойынша төрешілер жеңісті қазақстандыққа берді.

Дәл осы салмақта қыздар арасында Матильда Бачурина (Ақмола облысы) Бахрейн атынан шыққан Айза Рамоспен кездесті.

Бачурина қолға ауырту әдісіне түсіп, жеңіліске ұшырап, екінші орын алды.

Қыздар арасында 56,7 келіге дейінгі салмақта Әйгерім Төреханова (Шымкент) Бахрейн атынан шығатын бразилиялық Фабиола Сильвадан техникалық нокаутпен ұтылып, күміс жүлдегер атанды.

Қыздар арасында 65,8 келіге дейінгі салмақта Мөлдір Әшірбекова (Алматы облысы) Бахрейн спортшысы Сабрина де Соузадан жеңіліп қалды.

70,3 келіге дейінгі салмақта Белгібай Әділбек (Түркістан облысы) бірауыздан шешіммен тәжікстандық Масуд Одинаевқа есе жіберіп, екінші орынды иеленді.

Жартылай орта салмақта 77,1 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен Досжан Кенжебаев (Алматы облысы) төрешілердің шешімімен Рамазан Гитиновтен ұтылып, күміс жүлдегер атанды.

93 келіге дейінгі салмақта Алик Домнич (Астана) Анвар Лангарчиевті сөзсіз жеңіп, Азия чемпионы атанды.

120,2 келіден жоғары салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Расул Хатаев (Маңғыстау облысы) тәжікстандық Шакрух Фатоевты қылқындыру әдісімен жеңіп, алтын жүлде алды.

Қазақстан құрамасы командалық есепте жастар арасында екінші және ересектер арасында екінші орынды иеленді.



Фото: kazmma.kz





Соңғы жаңалықтар