Finprom.kz ресурсының жазуынша, Қазақстан мобильді интернет жылдамдығы бойынша Ресей мен Малайзияның адына шыққан. Бір жылда елдегі мобильді интернет жылдамдығы 42% артқан.
Тіпті соңғы бір айдың өзінде Қазақстан позициясын 5 пунк бойынша, бір жылда бірден 15 сатыда жақсарып, 80-орынға табан тіреген.
«Мобильді интернеттің жылдамдығы 30,18 Мбит/с-қа жетті. Өткен жылдың маусым айында 21,25 Мбит/с болатын. Жылдамдықтың артуы жылына 42% құрайды. Айта кету керек, интернет байланысының жылдамдығы қатарынан төртінші айда үдемелі қарқынмен өсіп отыр», - деп жазады Finprom.kz.
ТМД елдерінің ішінде Қазақстанда мобильді интернеттің жылдамдығы Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Беларусь, Тәжікстанға қарағанда жоғары. Сондай-ақ, рейтингте Малайзия, Египет, Үндістан, Венесуэла сияқты елдерде де мобильді инетернеттің жылдамдығы Қазақстаннан төмен болып шыққан.
Жалпы әлем бойынша мобильді интернеттің орташа жылдамдығы маусым айында 55,34 Мбит/с болған.
Ең жылдам интернет БАӘ (193,51 Мбит/с), Оңтүстік Корея (180,48 Мбит/с) және Катар (171,76 Мбит/с) сияқты елдерде тіркелген.
Ал рейтингтің ең төменгі сатысындағы Ауғанстанда мобильді интернеттің қарқыны 7,37 Мбит/с.