Қазақстан монополияға қарсы саясатының тиімділігі бойынша бірқатар елдерді басып озды
Монополияға қарсы саясаттың тиімділігі бойынша Қазақстан 4 сатыға көтерілді. Сөйтіп Қазақстан ЕАЭО пен ТМД (Ресей, Әзербайжан, Украина, Қырғызстан, Грузия, Молдова және т.б.), Еуропаның (Грекия, Словакия, Италия, Болгария, Сербия және т.б.), Таяу Шығыстың (Израиль, Кувейт және т.б.) кей елдерін артта қалдырды. Рейтингте 148 ел бағаланды. Үздік бестікке Финляндия, Катар, Швеция, Сингапур және Нидерланды елдері енді. Бұл рейтингте Қазақстанның жағдайының көтерілуі монополияға қарсы саясатқа байланысты. Оның жүзеге асуының маңызы да зор. Қазіргі уақытта бәсекеге қабілетті ортаның жағдайын жақсарту үшін бірқатар шаралар қолға алынды. Бәсекелестікті қорғау агенттігінің жұмысын жақсарту үшін экономиканың негізгі салаларындағы монополиясыздандыру мен бәсекелестікті дамыту бойынша тұжырымдамалық шешімдер құрастырылды. Агенттік жанынан аймақтық бәсекенің өнімділігі мен экономиканың негізгі салаларын монополияландыру деңгейін анықтау әдісін жетілдіру бойынша жұмыс тобы құрылды. Сондай-ақ Агенттік бәсекелестікті дамыту бойынша ведомствоаралық комиссия құру бастамасын көтерді. Бұл комиссия Агенттіктің нарықта (тауар нарықтарында) жүргізілген сараптама және нормативтік құқықтық актілердің мониторингі нәтижелері бойынша туындаған ұсыныстарын қарайды деп жоспарланған. Бүгінде аталған комиссияны құру мәселесін мемлекеттік органдар талқылап, тиісті жоспар (қаулы жоспары) құрастырылды. «Бұл шаралардың жүзеге асуынан республикадағы нарықтағы бәсекелестік ортасында оң өзгерістер байқалады», - деп атап өтті Монополияға қарсы агенттік қызметкерлері.