Қазақстан мұнай экспортын Баку және Супса арқылы жүзеге асыруды қарастырып жатыр

АСТАНА. KAZINFORM – Каспий құбыр консорциумының (КҚК) шілде айында мұнай қабылдауды уақытша шектеуіне байланысты Қазақстан мұнайының бір бөлігі экспорттың балама бағыттарына қайта бағытталды. Бұл туралы ҚР Энергетика министрінің кеңесшісі, министрліктің ресми өкілі Әсел Серікпаева мәлімдеді.

Фото: Pexels

Оның айтуынша, мұнай Ақтау портына, Атасу – Алашаңқай бағытына, сондай-ақ Атырау – Самара бағытына жөнелтілген.

– Қосымша экспорт бағыттары ретінде Баку – Тбилиси – Жейхан жүйесі арқылы тасымалдау, Каспий теңізі арқылы Әзербайжан аумағына жеткізу, сондай-ақ Баку – Супса бағыты қарастырылып жатыр, – деді Әсел Серікпаева.

Қазірдің өзінде Баку – Тбилиси – Жейхан жүйесі арқылы жылына шамамен 1,2 млн тонна қазақстандық мұнай тасымалданады.

– Бұл ретте Әзербайжан тарапы Қазақстан мұнайын қабылдау көлемін жылына 2,2 млн тоннаға дейін арттыруға дайын екенін білдірді, – деп толықтырды министрлік өкілі.

Айта кетейік, бұған дейін, Энергетика министрлігі КҚК жұмысы толық тоқтайды деген ақпаратты жоққа шығарған болатын.