Қазақстан мұнай-газ химиясына 15 млрд доллар инвестиция тартуды көздеп отыр

АСТАНА. KAZINFORM - 2026 жылғы 22 шілдеде Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінде Қоғамдық кеңестің төрағасы Жақып Хайрушевтің төрағалығымен Энергетика вице-министрі Санжар Жаркешовтың, Қоғамдық кеңес мүшелерінің және министрліктің құрылымдық бөлімшелері өкілдерінің қатысуымен Қоғамдық кеңестің отырысы өтті.

Фото: ҚР Энергетика министрлігі

Отырыстың негізгі тақырыбы 2024–2030 жылдарға арналған Қазақстанның мұнай-газ химиясы өнеркәсібін дамыту мәселелері болды.

Отырыс барысында мұнай-газ химиясы өнеркәсібін дамыту жөніндегі Жол картасын іске асыру аясында нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру жұмыстары жалғасып жатқаны атап өтілді. Қазіргі уақытта Парламентте инвестиция тарту үшін қолайлы жағдай жасауға бағытталған «Мұнай-газ химиясы өнеркәсібі туралы» заң жобасы қаралып жатыр. Саланы дамыту жөніндегі жобалардың жиынтық инвестициялық портфелі шамамен 15 млрд АҚШ долларын құрайды.

Қатысушыларға полиэтилен өндіру зауыты, газды бөлу кешені, сондай-ақ бутадиен, алкилат, полиэтилентерефталат және карбамид өндіру жобаларын іске асыру барысы туралы ақпарат ұсынылды. Бұл жобалардың барлығы Қазақстанда заманауи, жоғары технологиялық мұнай-газ химиясы кластерін қалыптастыруға бағытталған.

Сонымен қатар отырыс барысында Энергетика министрлігінің отын-энергетика кешені мәселелері жөніндегі Қоғамдық кеңесінің 2026 жылдың бірінші жартыжылдығындағы қызметінің қорытындылары шығарылды.

Осыған дейін кореялық компаниялардың Қазақстанның энергетика саласына инвестиция салуға ниетті екені туралы жаздық.