ҚР Энергетика министрлігінің хабарлауынша, саммит аясындағы «Шикізаттық модельдің орнына мұнайды терең өңдеу» сессиясында ведомствоның Мұнай өңдеу және мұнай өнімдерін өндіру басқармасының басшысы Назым Бекбатырова 2025-2040 жылдарға арналған мұнай өңдеу саласын дамыту тұжырымдамасын таныстырды.
Жаңа тұжырымдама Қазақстанның мұнай саласында шикізаттық модельден терең өңдеуге біртіндеп көшуге бағытталған. Құжат аясында мұнай өңдеу зауыттарының қуатын кезең-кезеңімен жаңғырту және кеңейту, мұнайды өңдеу тереңдігін арттыру, мұнай өнімдерінің сапасын жақсарту және мұнай-химия өндірісін дамыту көзделген.
Нәтижесінде мұнай өңдеу көлемін жылына 39 млн тоннаға дейін арттыру жоспарланып отыр. Осылайша мұнай өндіру мен өңдеу арақатынасы қазіргі 5:1 деңгейінен 2,5:1-ге дейін жақсарады.
Саланы дамытуға қажетті инвестиция көлемі 15-19 млрд АҚШ долларына бағаланып отыр. Жоба аясында жаңа жұмыс орындарын ашу, мұнай өңдеу саласының ғылыми-технологиялық базасын күшейту және мұнай өнімдері мен мұнай-химия өнімдерінің экспортын ұлғайту жоспарланған.
— Тұжырымдама алты негізгі бағытты қамтиды. Олар — ішкі нарықты отандық мұнай өнімдерімен қамтамасыз ету, мұнай-химия өндірісін ұлғайту, қолданбалы ғылымды дамыту, кадрлық әлеуетті күшейту, өндірісті заманауи технологияларға бейімдеу және экспорттық мүмкіндіктерді кеңейту, — делінген хабарламада.
2040 жылға дейін мұнайды өңдеу тереңдігін 89%-дан 94%-ға дейін арттыру көзделген. Сонымен қатар мотор отынының сапасы К5+ экологиялық сыныбына дейін жақсартылады. Бензол мен параксилол өндірісін де ұлғайту жоспарланып отыр.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда мұнай-газ кәсіпорындарындағы өндірістік бақылауға қойылатын талаптар күшейтілгенін жазған едік.