Қазақстан мұнай өндіруді арттырады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін бейнеконференция форматында ОПЕК+ келісіміне қатысушы елдердің министрлік отырысы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Энергетика министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Отырысқа Қазақстан атынан Энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев қатысты.

М.Мырзағалиев Қазақстанның ОПЕК келісіміне беріктігін және өз міндеттемелерін орындауға дайындығын растады.

Сондай-ақ Энергетика министрі Қазақстан алдағы айларда өндірісті одан әрі біртіндеп арттыратынын атап өтті.

«Отырыс қорытындысы бойынша ОПЕК елдерінің ағымдағы өндіру деңгейін келісімге қатысушылар шектеулерді алып тастағанға дейін ай сайын тәулігіне 400 мың баррельге ұжымдық арттыру туралы шешім қабылданды.

Осылайша, ОПЕК шеңберінде Қазақстан үшін квота қазанда тәулігіне 1,524 млн баррельді құрайды және ай сайын өндіру орташа есеппен тәулігіне 16 мың баррельге артатын болады», - делінген ведомство хабарламасында.

Мәлім етілгендей, Қазақстан үшін квота қарашада тәулігіне 1,540 млн баррель болып белгіленген.