Қазақстан мұнайының Еуропаға транзитіне шектеу қою туралы ресми хабарлама түскен жоқ - Энергетика министрлігі

АСТАНА. KAZINFORM – ҚР Энергетика министрлігі «Дружба» мұнай құбыры жүйесі арқылы Германияға мұнай транзитіне қатысты БАҚ-та тараған ақпаратқа түсініктеме берді.

Фото: : Attila Volgyi/Xinhua/picture alliance

Ведомство мәліметінше, қазіргі уақытта ресейлік тараптан Атырау – Самара – «Дружба» бағыты бойынша қазақстандық мұнай транзитіне қандай да бір шектеулер енгізілгені туралы ресми хабарлама түспеген.

– Қазіргі уақытта ресейлік тараптан Атырау – Самара – «Дружба» мұнай құбыры бағыты бойынша қазақстандық мұнай транзитіне қандай да бір шектеулер туралы ресми ақпарат түскен жоқ, – деп хабарлады министрлік.

Сонымен қатар бейресми деректерге сәйкес, ресейлік тараптың техникалық мүмкіндіктерінің шектеулі болуына байланысты ағымдағы жылдың 1 мамырынан бастап аталған бағыт бойынша мұнай айдау уақытша мүмкін болмайды.

– Техникалық шектеулер жойылғаннан кейін қазақстандық мұнай транзиті қайта жанданады деп күтілуде, – делінген хабарламада.

Айта кетейік, бұған дейін ведомство Кореяға мұнай экспортының нақты көлемі айқындалмағанын хабарлаған еді.