Бұл туралы бүгін Астанада Ұлттық мұрағат қабырғасында өткен конференцияда Ақпарат және мұрағат комитеті Мұрағат және құжатнама басқармасының бастығы Ермек Жүсіпов мәлім етті.
Елімізде қазіргі уақытта 230 мемлекеттік мұрағат мекемесі бар. Оларда соңғы 4 ғасырға тиесілі 20 млн-ға тарта тарихи құжаттар сақтаулы. Бірыңғай ақпараттық жүйе арқылы әрбір пайдаланушы интерактивті режімде ол құжаттардың электрондық үлгісіне қол жеткізе алады.
«Біз бүгінгі таңда тұңғыш рет алдымызға мұрағат ісінің бірыңғай ақпараттық жүйесін құру мақсатын қойып отырмыз. Ұлттық мұрағат базасы ыңғайлы болғандықтан, бұл жүйенің ілкі жобасы алдымен осы мекемеде енгізіледі. Кейін бұл басқа да мемлекеттік мұрағат мекемелеріне таратылады. Соған байланысты бүгін мұрағат қызметкерлерін жинап, оларға аталған жобаның қалай жұмыс істейтінін көрсететін боламыз», - дейді Е. Жүнісов.
Оның айтуынша, жоба 3 жыл көлемінде іске асырылады. Жүйе облыстардағы мұрағаттарда қолданылып жүрген локальды ақпараттық ағымды бірыңғайландырып, ортақ арнаға тоғыстырады. Қазақстанда 20 миллион мұрағат құжаттарының тек 5-6 пайызы электрондық түрге көшірілген. Жоба аясында электрондық құжат айналымын жүргізу, құжаттарды электрондық түрге көшіру және оны сақтау тәжірибелері өз шешімін табатын болады.
«Бүгінгі күні мұрағат құжаттарын пайдалану әдістері және сақтау тәсілдері ескірді десе де болады. Біз мұрағат ісі саласына жаңа ақпараттық технологияларды енгізуіміз керек. Бұл өз кезегінде 20 миллион іс пен құжат арасынан пайдаланушыларға қажетті мағлұматтарды интерактивті режімде шапшаң іздеп тауып беруімізге мүмкіндік береді», - дейді Мұрағат және құжатнама басқармасының бастығы Ермек Жүсіпов.