АЛМАТЫ. 18 маусым. ҚазАқпарат - Биыл күллі мұсылман қауымының ауыз бекітіп, 30 күн ораза ұстайтын қасиетті Рамазан айы 20 шілдеде басталады. Бұл туралы бүгін Алматыда «Отанды сүю - иманнан» деген тақырыппен өткен медиафорумда сөз болды.
«Рамазан айында сауда орындарында арақ-шарап сатуға тыйым салынса. Қиналып, тарығып жүргендерді қолдау мақсатында азық-түлік, киім-кешек бағасын 10 пайызға төмендетсе деген ұсыныс жасаймыз. Егер бірте-бірте автобус, пойыз, ұшақ сияқты қоғамдық көліктерде жолаушылар тасымалының барлық түрлерінде осы айда жолақы бағаларын төмендетсек игілікті іс болар еді», - дейді Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти, шейх Әбсаттар қажы Дербісәлі. Бас мүфтидің айтуынша, бұл мәселе бойынша енді 25 маусымда облыстардағы бас имамдар Алматыға шақырылып, тапсырма берілмек.
Әбсаттар қажы: «Қазақстандағы мұсылман қауымы 26 ұлт пен ұлыс өкілдерінен тұрады екен. Сондықтан бұл ұсынысты 26 тілге аудардық. Жұртшылық арасында тарату үшін. Бұдан халқымызға ешқандай зиян келмес деп ойлаймыз. Бұл бастамаға Татарстан Президенті Рүстем Минниханов да үлкен қызығушылық білдіріп отыр. Біз де халыққа осындай ұсыныс жасап көрейік деп мәтінін сұрап алды», - дегенді айтып отыр.