Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасында Елбасының Жолдауы талқыланды

АСТАНА. 1 наурыз.ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - 28 ақпанда Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасында Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз!» атты Жолдауының басымдықтары талқыланды.

Шара барысында ҚР Мәдениет министрлігі Діни істер комитетінің төрағасы Ардақ Досжан Жолдаудың басымдықты бағыттарын ортаға салды. Оның айтуынша, алдағы уақытта дін мамандарын оқытып даярлауға мемлекет тарапынан қамқорлық көрсетілетін болады. Білім беретін жаңа оқу корпустары салынып, студенттер жатақханалармен қамтамасыз етіледі. Нұр-Мүбарак Ислам мәдениеті университетін заман ағымына сәйкестендіру арқылы ондағы білім сапасын көтеру көзделіп отыр.

Сондай-ақ А.Досжанның сөзіне қарағанда, таяу уақытта жоғары және арнаулы діни оқу орындарының шәкірттеріне арналған оқулықтар мен қажетті әдебиеттер мол таралыммен жарық көреді. Онымен бірге, мешіттер қызметерінде туындаған мәселелерді шешумен бұдан былай жергілікті - аудандық, қалалық және облыстық дін комитеттері айналысады. Жаңа мешіттер кез-келген жерде емес, оның жобасы алдын ала сол елді мекеннің бас жоспарына енгізіліп, бөлінген жер телімінде ғана салынатын болады.

Өз кезегінде ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти, шейх Әбсаттар Дербісәлі Жолдаудан туындайтын бірқатар өзекті мәселелерді тілге тиек етіп, оларды шешудің тиімді жолдары туралы ойымен бөлісті.