Онлайн кездесуде Қазақстандағы музей экскурсоводтары арасындағы тәжірибе алмасу, оларды музей ісінің өзекті мәселелерін шешуге тарту және ғылыми байланыстарды дамыту көзделген.
Ұлттық музей директорының орынбасары Абай Сатыбалдиннің айтуынша, дөңгелек үстел жұмысы үш бағытта ұсынылған: «Пандемия кезіндегі музей: экскурсиялардың өзгеруі және жаңа технологияларды қолдану»; «Ерекше қажеттіліктері бар адамдарға экскурсиялар: проблемалар, негізгі міндеттер және әдістер» және «Экскурсиялық қызметті әдістемелік сүйемелдеу».
«Театр киім ілгіштен басталса, музей экскурсовод қызметінен басталуы керек. Экскурсоводтар білімді, әдепті, сыпайы, көпшіл, адамдарды қызықтыра алатын қабілеттерді бойына жинақтауы тиіс. Биыл әлемнің барлық елін жайлаған коронавирус салдарынан музей келушілерінің азайып кеткені белгілі. Келушілер азайған жағдайда экскурсия жүргізушісіне қойылатын талаптың да артары сөзсіз. Сондықтан экскурсиялық қызметкер қатысты бірқатар мәселені талқылау үшін біз Қазақстанның барлық өңірлік музейлерін жинадық», - дейді А. Сатыбалдин.
Сонымен бірге, дөңгелек үстелге ҚР еңбек сіңірген экскурсовод, ЮНЕСКО ұлттық жаттықтырушысы Бақыт Оразымбетова да қатысты.
«Мен бұл салада 40 жылдан астам уақыт жұмыс істеп келемін. Алдағы уақытта да халықтың музейге сұранысы көбірек болатынын түсінемін. Музей қауымдастығында жұмыс істейтіндердің барлығы кемінде бір рет Мәскеудегі «Интермузей» фестиваліне қатысуы керек деп ойлаймын. Бұл қор, қалпына келтіру жұмыстарының тәжірибесі жинақталған әлемдік алаң. Ал музейдің функциялары қор жұмысына, зерттеу жұмысына және халыққа барлық жұмысты көрсетуге тікелей қатысты», - дейді Бақыт Оразымбетова.
Сонымен бірге, дөңгелек үстелде Ұлттық музейдің «Ұлы Даланың ежелгі өнері мен технологиялары» залының театрландырылған экскурсиясы көрсетілді.