Қазақстан Мьянмадағы дағдарыстың бейбіт шешімі үшін халықаралық ынтымақтастықты қолдайтынын айтты

Фото: СІМ

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан Мьянмадағы жағдайға арналған БҰҰ конференциясында инклюзивті диалогқа және азшылықтардың құқықтарын қорғауға бейілділігін растады. Бұл туралф СІМ баспасөз қызметі мәлім етті.

Қазақстан Республикасының БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілі Қайрат Омаров Мьянмадағы рохинджа және басқа да азшылықтардың жағдайына арналған БҰҰ Бас Ассамблеясының Жоғары деңгейлі конференциясында сөз сөйледі.

— Қазақстан дағдарыстың орнықты әрі инклюзивті шешімін табуға бағытталған халықаралық күш-жігерді қолдайтынын білдірді. Өз сөзінде қазақ дипломаты қазіргі пікір алмасуды азшылықтардың құқықтарын құрметтейтін, диалогты ілгерілететін және барлық қауымдастықтардың экономикалық әрі әлеуметтік прогресіне жағдай жасайтын ұжымдық шешімдерге қол жеткізудегі маңызды қадам ретінде қарастыратынын атап өтті, — делінген хабарламада.

Сонымен қатар Қ.Омаров «Бірлігіміз — әралуандықта» қағидатына негізделген ұлтаралық және конфессияаралық келісімді нығайтудағы Қазақстан тәжірибесінің маңыздылығын, соның ішінде Астанада Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезін өткізуді атап өтті.

Қазақстан БҰҰ-ға мүше мемлекеттермен, өңірлік ұйымдармен және БҰҰ құрылымдарымен азшылықтардың құқықтарын қорғау мен өңірде тұрақты бейбітшілікті қамтамасыз етуге бағытталған ұжымдық тәсілдерді ілгерілету үшін сындарлы ынтымақтастыққа әзір екенін растады.

Еске сала кетейік, бұған дейін агенттіке эксклюзивті сұқбат берген Мьянма көшбасшысы Қазақстанмен әріптестіктің жаңа көкжиегін ашып отырғанын айтқан еді.