Қазақстан нарығына көптеген әлемдік бренд келіп жатыр - Әлібек Қуантыров

Фото: Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан нарығына көптеген әлемдік бренд еніп жатыр. Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыров айтты.

– Шынында, көптеген компания ел нарығына енуді жоспарлап отыр және қазірдің өзінде жұмыс істеп жатқандары да аз емес. Жұмыс жүріп жатыр, бірақ кейбір компаниялар біздің елімізге келгелі жатқанын ашық жариялаған жоқ. Мәселен, Mars компаниясы бір үлкен жобаны қолға алып жатыр. Бұл қатарда Pepsi компаниясы да бар, - деді ол Сенаттың жалпы отырысынан кейінгі баспасөз мәслихатында.

Спикердің айтуынша, америкалық компаниялардан бөлек Араб түбегінен, Қытайдан, Түркиядан да компаниялар келмек.

– Олардың бәрі әлемдік брендтер. Қазірдің өзінде елімізде жұмыс істеп жатқан және өз ауқымын одан да кеңейтуді көздейтіндер де, сондай-ақ жаңадан еніп жатқандары да бар, - деді Әлібек Қуантыров.

Сондай-ақ ол жақында елімізде әйгілі британдық-шведтік фармацевтикалық компания жұмысын бастайтынын атап өтті.

– Жуырда, 28 мамырда әлемдік AstraZeneca фармацевтикалық компаниясының өндірістік желісі іске қосылады. Олар қатерлі ісік және басқа да ауруларды емдейтін дәрі-дәрмек шығарады. Жақында біз Британияға сапарымызда олардың Кембридждегі кеңсесінде болдық. Олар бұл жобаға өте жоғары мән беріп отыр. Сол секілді Pfizer, Polpharma компанияларын атап өтуге болады. Бұл тек фармацевтика саласындағы компаниялар ғана, - деді вице-министр.

Одан бөлек, ол әлемдік брендтер кен игеру, қайта өңдеу, ІТ салаларына да еніп жатқанын, оларға Қазақстан нарығы қызығушылық тудырып отырғанын атап өтті.

Айта кетейік, бұған дейін испаниялық компания Қазақстанның су инфрақұрылымын жаңғыртуға атсалысатынын жазған едік.