Қазақстан не үшін сырттан қарыз алады – Премьер-министр жауабы
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан неге сырттан қарыз алады? Еліміздің қазір қанша қарызы бар? Бұл сауалдарға Үкімет басшысы Олжас Бектенов жауап берді.
- Шын мәнінде, жалпы ішкі өнімнің 21,1% мөлшерінде мемлекеттік қарыздың болуы қалыпты. Халықаралық стандарттар бойынша бұл төмен көрсеткіш. Көптеген елде экономика бойынша мемлекеттік қарыздың деңгейі ЖІӨ-нен 100%-дан да асады. Экономикасы ірі Еуропа елдерінде шамамен 80% деңгейінде, ал бізде бұл көрсеткіш – 21%, - деді Олжас Бектенов Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында.
Одан әрі Премьер-министр мемлекет не себепті қарыз алатынын түсіндірді.
- Халықаралық қаржы ұйымдарынан қарыз алу, белгілі бір салаға шоғырланған инвестиция салуға мүмкіндік береді. Мысалы, қазір біз Ислам даму банкімен жұмыс істеп жатырмыз. Мақсат – су шаруашылығы инфрақұрылымын дамыту, яғни су қоймалары, каналдар және тағы басқа нысандарды жаңғыртуға несие алып жатырмыз. Аталған жобаға 1 миллиард доллардан астам қаражат қарастырылған. Әрине, бұл проблеманы республикалық бюджет есебінен де шешуге болар еді, жыл сайын мүмкіндігімізге қарай қаржы бөліп, инфрақұрылымды 10 - 20 жылда салар едік. Бірақ тиімді шарттармен қаржы тартып, инфрақұрылымды бірден салып алу әлдеқайда тиімді. Кейін бюджеттен несиені пайыздарымен бірге біртіндеп өтейміз. Пайыз мөлшерлемесі – шамамен 3% доллармен есептегенде, бұл нарықтағы қалыпты, қолайлы шарт, - деп түсіндірді ол.
Олжас Бектеновтің айтуынша, сырттан қарызды елдің қаржылық жағдайы нашар болғандықтан алмайды, бұл – халықаралық қалыпты тәжірибе.
- Кез келген компания белгілі бір жобаны қаржыландыру үшін несие алады, кейін оны қайтарады. Бізде де жағдай осындай. Мемлекеттік қарыз деңгейі – қабылдауға болатын деңгейде. Әрине, оны басқару қажет. Жыл сайын бюджеттен қарызды өтеуге қаражат бөлінеді. Бұл қалыпты жағдай. Мемлекеттік қарызбен жұмыс істеу керек. Біз бұл бағытта белсенді жұмыс істеп жатырмыз. Қаржы министрлігінде арнайы бөлім бар. Онда нағыз кәсіби мамандар жұмыс істейді. Олар мемлекет атынан алынатын әрбір несиенің келісімшартын мұқият зерделеп, еліміз үшін тиімсіз шарттардың болмауын қадағалайды. Бұл Үкіметтің тұрақты бақылауында, - дейді Премьер-министр.
Осы орайда БАҚ өкілі Үкімет басшысынан Қазақстанның қазіргі сыртқы қарызының нақты көлемін сұрады.
- Дәл қазір нақты соманы айту қиын. Бірақ биыл ауқымды сыртқы қарызды өтеу жоспарланып отыр. Тек шілде айының өзінде шамамен 2 триллион теңге төлеуіміз керек. Биыл несиелік төлем шоғырланған кезең деуге болады, 2026 жылы ол төлемдер азая бастайды, - деп түсіндірді О.Бектенов.
Бұған дейін Үкімет басшысы еліміздегі жөнсіз әлеуметтік көмекке тосқауыл қойылатынын айтты.
Сондай-ақ Олжас Бектенов әкімдер мен министрлерді неге ашық сынға алмайды деген сауалға жауап берді.
Айта кетсек, бүгін Үкімет отырысында Олжас Бектенов Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаевты сынға алып, тапсырма берді.