Қазақстан неміс инвесторларына барынша қолайлы жағдай жасап отыр – Мұхтар Тілеуберді
Министр Германия экономикасының жетекші секторларының өкілдері кіретін ірі бизнес делегацияның Қазақстанға келгенін айтты. Осы орайда жүргізілетін келіссөздер әлеуетті жобаларды және өзара тиімді жаңа бағытарды анықтауға ықпал етеді.
«Қазақстан инвестиция үшін тартымды ел. 2021 жылы біз шетелдік инвестиция ағынының пандемияға дейінгі деңгейіне оралып қана қоймай, оны 38 пайызға арттыра алдық. Былтырдң қорытындысы бойынша Қазақстанға тікелей шетелдік инвестициялардың жалпы ағыны 24 млрд долларды құрады, бұл 2020 жылмен салыстырғанда 37,7 пайызға жоғары. Әлемдегі төртінші экономика болып саналатын Германия біздің экономикаға инвестиция салатын алғашқы он елдің қатарына әлі кірмеген. Сондықтан Қазақстанның неміс инвесторлары мен кәсіпкерлеріне жұмыс істеу үшін барынша қолайлы жағдайлар ұсынғанымызға назар аударамыз. Осы мақсатта біз Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Склярдың басшылығымен неміс инвесторларымен және кәсіпкерлерімен өзара байланыс үшін теңдессіз үкіметтік жұмыс тобын құрдық», - деді М. Тілеуберді Германияның Федералдық Сыртқы істер министрі Анналена Бербокпен кездесуден кейін
Осы орайда аталған жұмыс тобының арқасында неміс инвесторларының жобаларына келіссөздердің басынан бастап өндірісті толық құруға дейін қолдау жасалады.
«Біз экономикамыздың 700 ірі, орта және шағын активтерін жекешелендіріп жатырмыз. Бұл неміс кәсіпкерлері үшін қосымша перспективалар ашады. Неміс инвестициялары, озық технологиялары мен ноу-хаулары және Қазақстанның шикізаты, білікті жұмысшылары әрі қолайлы бизнес жағдайлары «win-win» қағидаты бойынша ынтымақтастықты кеңейтуге сенімді негіз жасайды. Осы тұрғыда Қазақстанда экономиканың жоғары технологиялық секторлары үшін қажетті шикізатты, сирек кездесетін металдарды бастапқы өңдеу, сондай-ақ экологиялық таза энергия көздерінің өндірісін құру саласындағы ынтымақтастық өзекті. Мұның құқықтық негізі сонау 2012 жылы шикізаттық, өндірістік және технологиялық әріптестік туралы үкіметаралық келісімге қол қою арқылы жасалған болатын», - деді М. Тілеуберді.