Қазақстанның Үндістандағы елшісі Нұрлан Жалғасбаев ҚР Непалдағы Құрметті консулы Варун Чаударидің мұрындық болуымен Непалдың сыртқы істер министрі Нараян Пракаш Саудпен кездесті. Кездесу барысында виза мәселесі сөз болды.
Сондай-ақ, Нұрлан Жалғасбаев қаржы министрлігінің өкілдерімен де жүздесті. Бұл туралы ҚР Непалдағы құрметті консулы кеңсесінің баспасөз қызметі хабарлады.
Келіссөздер нәтижесінде қос тарап Қазақстан мен Непал сыртқы істер министрліктері арасында саяси консультациялар өткізуді көздейтін екіжақты келісімді әзірлеу туралы шешім қабылдады.
«Қазақстанға дипломатиялық мәселелер бойынша оқу, жұмысқа орналасу және туризм мақсатында кіруге визасыз режим енгізу мүмкіндігі қарастырылуда. Сонымен қатар тараптар сауда, екіжақты инвестицияларды қорғау және ілгерілетуге бағытталған келісімге қол қою жайлы кеңесті», - делінген хабарламада.
Варун Чаудари Қазақстанда оқу, жұмысқа орналасу, бизнес және басқа да мақсаттар үшін мүмкіндіктерді іздеп жүрген Непал азаматтары үшін виза алу процесін жеңілдетудің маңыздылығын атап өтті. Ол ынтымақтастық Непал мен Қазақстан арасындағы екіжақты қарым-қатынастарды дамытуға ықпал ететініне әрі баянды байланыс екі ел үшін тиімді болатынына сенім білдірді.
Варун Чаудари - Непалдың ірі кәсіпкері. Оған тиесілі CG Corp Global компаниясы Түркістан облысында Kazan брендімен Wai Wai кеспесін шығаратынын атап өткен жөн.