Қазақстан нидерландтық инвесторларға Ақтау мен Құрық порттарын жаңғыртуға қатысуды ұсынды
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан нидерландтық инвесторларға Ақтау мен Құрық порттарының инфрақұрылымын жаңғыртуға қатысуды ұсынады. Бұл туралы Көлік вице-министрі Мақсат Қалиақбаров айтты.
«Қазақстан өзінің стратегиялық орналасуына байланысты тарихи тұрғыда Еуропа мен Азияның түйіскен жеріндегі маңызды көлік торабы саналады. Біз жаһандық логистикалық жүйенің ең маңызды элементі саналатын темір жолдар мен теңіз порттарын, әуежайлар мен автомобиль жолдарын қоса алғанда, көлік инфрақұрылымымызды белсенді түрде дамытуды жалғастырамыз. Осы жұмыстардың аясында бүгінде көлік-логистика саласында 136 жоба қолға алынған. Оның 69-ы жүзеге асырылуда, 67-сі – перспективалы», - деді ол елордада өткен Қазақстан-Нидерланды бірінші іскерлік кеңесінде.
Оның атап өтуінше, теміржол көлігімен транзиттік тасымалдау көлемін ұлғайту үшін 1,3 мың шақырым жаңа темір жол желісі салынып жатыр. Құрылыс жұмыстары 2027 жылы аяқталады. Сонымен қатар 2029 жылға дейін 11 мың шақырым темір жол жөнделеді.
«Ақтау және Құрық теңіз порттары Орталық Азияны Кавказбен, Түркиямен және одан әрі Еуропамен байланыстыра отырып, Каспий теңізі арқылы жүк транзитін қамтамасыз етуде шешуші рөл атқарады. Бұл порттар Иран аумағы арқылы Парсы шығанағы елдеріне де шығуды қамтамасыз етіп, сауда мен ынтымақтастық үшін қосымша мүмкіндіктер ашады. Біз бұл порттарды одан әрі дамытудың үлкен әлеуетін көріп отырмыз және нидерландтық инвесторларға порт инфрақұрылымын жаңғырту мен кеңейтуге қатысу мүмкіндіктерін ұсынуға дайынбыз», - деді Мақсат Қалиақбаров.
Айта кетейік, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Egemen Qazaqstan газетіне жариялаған «Орталық Азия ренессансы: орнықты даму және өркендеу жолы» атты мақаласында Қазақстан өзінің серіктестерімен бірлесіп, Транскаспий халықаралық көлік бағдарын (Орта дәліз) барынша дамытып жатқанын атап өткен еді.