Қазақстандық Константин Малиновский нысана көздеуден Париж олимпиадасының жолдамасына қол жеткізді, деп хабарлайды Kazinform.
Ұлттық құрама спортшысы К.Малиновский Оңтүстік Кореяның Чангвон қаласында өтіп жатқан Азия чемпионатында 50 метрден пневматикалық винтовкамен үш позициядан оқ ату бәсекесінің финалында 5-орыннан көрінді.
Оның еншісінде 590 ұпай бар.
Бұл – қазақстандық мергендер қол жеткізген үшінші лицензия. Осыған дейін Азия чемпионатында Арина Алтухова, ал жазда әлем чемпионатында алғашқы жолдаманы Ислам Сәтпаев қоржынға салған.
Нысана көздеуде лицензия жекелеген спортшыларға емес, ұлттық федерацияға беріледі.
Жалпы, биылғы сары құрлық чемпионатында олимпиаданың 24 лицензиясы сарапқа салынып жатыр.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Қазақстанның оқ атудан олимпиада жолдамасын алғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).