АСТАНА. ҚазАқпарат – Әзербайжан астанасы Бакуде нысана көздеуден өтіп жатқан әлем чемпионатында қазақстандықтар тағы 2 медаль жеңіп алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Спортты дамыту дирекциясынан мәлім еткеніндей, бұл жолы Александра Сәдуақасова алтынға қол жеткізсе, Зухара Ерназарова күмісті қанағат тұтты.
Ауыспалы ритммен 10 метрден жылжымалы нысана көздеуде Зухра мен Александра финалда негізгі кезеңде 378 ұпаймен тең түсті. Қосымша сында Александра мергендік танытып (19:13), чемпион атанды.
Кеше Зухра жеңімпаз болса, Александра екінші орыннан көрінген еді.
Қазіргі кезде Қазақстан құрамасы нысана көздеуден әлем біріншілігінде 2 алтын, 2 күміс, 1 қола жүлдемен жалпы есепте 9-орынға көтерілді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын қазақстандық мергеннің нысана көздеуден әлем чемпионы атанғанын жазған едік.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).