Ол кейін дамушы нарықтардағы мемлекеттік облигациялардың GBI-EM индексіне енгізу ықтималдығын растайды. Аталған индекс ұлттық валюталардағы мемлекеттік облигациялар үшін әлемдегі негізгі бағдарлардың бірі саналады және жаһандық институционалдық инвесторлар инвестициялық портфельдерін жасақтау кезінде кеңінен пайдаланады.
Аталған мәртебенің берілуі Қазақстанның халықаралық қаржы нарықтарына интеграциялануы жолында маңызды кезең саналады және Ұлттық банктің Қазақстанның мемлекеттік бағалы қағаздарын Қаржы министрлігімен бірлесіп халықаралық индекстерге енгізу, нарық инфрақұрылымын дамыту және шетелдік инвесторлар үшін жергілікті борыштық нарықтың қолжетімділігін арттыру бағытында жүргізген жүйелі жұмысының нәтижесі болды.
— J.P. Morgan бағалауына сәйкес, Қазақстан GBI-EM Global Diversified индексіне енгізілген жағдайда, оның алдын ала үлесі 0,48% болады. Қазақстан Қытай, Үндістан, Индонезия, Мексика және басқа да елдермен бірге осы индекстің құрамына өтеді. Бұл ретте J.P. Morgan халықаралық инвестициялық портфельдерді әртараптандыру үшін Қазақстан нарығының айтарлықтай әлеуеті бар екенін алға тартады.
J.P. Morgan өз есебінде шетелдік инвесторлардың қатысу үлесі артқанына тоқталып, Қазақстанның борыштық нарығын дамыту бойынша іске асырылған шараларды, оның ішінде мемлекеттік бағалы қағаздардың өтімділігін арттыру және қайталама нарықты дамыту мақсатында бастапқы дилерлер институты енгізуді, сондай-ақ қайталама нарықтағы сауда-саттық көлемінің өскенін жоғары бағалаған. J.P. Morgan деректеріне сәйкес, қайталама нарықтағы сауда-саттықтың орташа айлық көлемі жыл басынан бері 86%-ға ұлғайған, — делінген Ұлттық банк хабарламасында.
Сонымен қатар, Ұлттық банк пен Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі тарапынан жүзеге асырылған бірқатар бастама аталған, атап айтқанда: нарықтық ақпараттың ашықтығы мен қолжетімділігін арттыруға бағытталған Capital Markets Kazakhstan ақпараттық порталын іске қосу, Азия даму банкінің қолдауымен шетелдік инвесторларға арналған Қазақстанның жергілікті облигациялар нарығы бойынша нұсқаулықты (Bond Market Guide for Kazakhstan) жариялау және Қазақстанның АСЕАН+3 облигациялар нарығы форумына (ASEAN+3 Bond Market Forum) қатысуы бар.
Алдағы жұмыстың негізгі бағыттарының бірі халықаралық есептік-депозитарлық инфрақұрылымды дамыту болып қала береді, осы бағытта Ұлттық банк жүйелі жұмыс жүргізіп отыр.
Index Watch-Positive аясында Қазақстанды бағалау кезеңі 12 айға дейін созылады. Осы уақыт ішінде J.P. Morgan нарық өтімділігін, халықаралық инвесторлар үшін нарықтағы қолжетімділікті және есеп есептік-депозитарлық инфрақұрылымның келешек даму үрдісін бағалайтын болады.
Index Watch-Positive мәртебесінің берілуі елде жүргізіліп жатқан реформалардың халықаралық деңгейде мойындалғанын растайды және шетелдік инвестицияларды тартуға, инвесторлар базасын кеңейтуге және Қазақстанның мемлекеттік бағалы қағаздар нарығын одан әрі дамытуға қосымша алғышарт береді. Байқалып отырған инвесторлар базасының кеңею үрдісі жергілікті мемлекеттік бағалы қағаздарға сұранысты арттырып, Қазақстан үшін қарыз алу құнын төмендетуге ықпал ететінін атап өткен жөн.
Айта кетелік 100 миллион теңгеден асатын бюджет шығындары цифрлық теңгеге аударылатыны туралы жазған едік.