Жиын барысында Елбасы Н. Назарбаевтың БҰҰ бейбітшілікті қолдау жөніндегі операцияларына бақылаушылар ретінде қазақстандық әскери қызметшілерді жолдау ретінде Парламентке Үндеуін Қорғаныс министрі Әділбек Жақсыбеков жариялаған болатын. «Бітімгершілік қызметке қолдау көрсету және жанжалдарды реттеу Қазақстанның Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымында және Ислам Ынтымақтастығы Ұйымында төрағалық ету кезінде басты назарда болғанын атап айтқан жөн. Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінің беделі мен абыройын арттыруға ықпал еткен қазақстандық контингенттің Ирактағы коалицияның тұрақтандырушы күштері құрамындағы миссиясы әлемдік қоғамдастық оң бағасын алды. Сонымен қатар, біздің сарбаздар көпұлттық коалицияға қатысудың құнды тәжірибесінен өтті», - делінген Елбасы Үндеуінде.
Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы қазіргі уақытта БҰҰ бейбітшілікті қолдау жөнінде он алты операцияны жүзеге асырып жатқанына тоқталады. «Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығын қоса алғанда шетел мемлекеттері бітімгершілік қызметке белсене қатысуда. Қызметтің осы бағытын дамытып, БҰҰ бітімгершілікті қолдау жөніндегі операцияларына қатысу үшін Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінің офицерлерін бақылаушылар ретінде жіберу ұсынылады. Айтылғандар негізінде Қазақстанның Конституциясының 53-бабына сәйкес, халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтау жөніндегі біздің міндеттемелерімізді орындау және БҰҰ миссияларына қатысу үшін Гайтиге, Батыс Сахараға, Кот Дивуарға және Либерияға, әрбір миссияға бес адамнан Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің офицерлерін бақылаушы ретінде жіберу туралы ұсынысқа қолдау білдіруіңізді сұраймын», - делінген Мемлекет басшысының Үндеуінде.
Еске сала кетейік, Конституцияға сәйкес, Республика Президенті, Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас Қолбасшысының ұсынысы бойынша бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтау жөніндегі халықаралық міндеттерді орындау үшін Республиканың Қарулы Күштерін пайдалану жөніндегі шешім қабылданады.