Қазақстан өкілдері Еуропа хабар тарату одағының сессиясына қатысты

ОСЛО. ҚазАқпарат - Норвегия астанасында Еуропа хабар тарату одағының бас ассамблеясының 82-сессиясы өтті. Аталмыш жиынға Қазақстан атынан «Хабар» агенттігі қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сессияда негізінен Еуропа хабар тарату одағына кіретін елдердің жаңа тұғырнамасын дамыту мәселелері талқыланды. Дәстүрлі медианың қиындықтарын digital- тәсілдермен шешу, ғасырдың озық технологияларын хабар тарату нарығына дер кезінде енгізіп отыру мәселелері де қаралды. «Қазақстан үшін бұл бір жағынан үлкен құрмет. Екінші жағынан үлкен тәжірибе. Біз аталмыш одақтың қауымдасқан мүшесіміз. Осы одақтың толыққанды мүшесі болу үшін қазірдің өзінде көптеген талпыныстар жасалып жатыр. Олар ұйымдастырған конференцияларға қатысып, өзге мүше елдермен байланысып орнатып жатырмыз. Eurovision Junior байқауына белсенді қатыса бастадық», - дейді «Хабар» арнасының бағдарлама орталығының директоры Айкүміс Сексенбаева.

Оның айтуынша, Данэлия Төлешованың өткен жылы аталмыш сахнада көрсеткен өнерін атқарылған жұмыстың айқын нәтижесі деп атауға болады.

«Аталмыш алаңда біз басқа елдердің үздік тәжірибелерін қабылдай аламыз. Әсіресе озық технология мен кәсіпқойлық қырларын қабылдауға үлкен мүмкіндік бар. Еуропа хабар тарату одағының құрамына 56 мүше елден 117 ұйым және біз сияқты қауымдастырылған 73 мүше кіреді. «Хабар» агенттігі 2016 жылдан бастап осы сапта болса да, биыл алғаш рет бас ассамблеяның сессиясына қатысты», - дейді агенттік өкілі.