Қазақстан оқушылары Еуропа олимпиадасында жеті медаль жеңіп алды
АСТАНА. KAZINFORM – Литвада өткен География пәні бойынша Еуропа олимпиадасында (EGeo) Қазақстан құрамасы жоғары нәтиже көрсетіп, жеті медаль иеленді.
ҚР Оқу-ағарту министрлігі мәліметінше, алтын медальді еліміздің қоржынына Талдықорған қаласындағы №24 мамандандырылған лицейдің 9-сынып оқушысы Дарын Бекбол салды. Ол кіші (жасөспірімдер) санатында (12-15 жас) ең үздік атанды.
Қола жүлдені Шымкент қаласындағы НЗМ-нің 9-сынып оқушысы Микаэль Почукаев жеңіп алды.
Негізгі (үлкен) жас санатында (16–19 жас) Қазақстан құрамасының қоржынына медаль салғандар:
— Қостанай қаласындағы НЗМ 10-сынып оқушысы Андрей Енбахтов;
— Талдықорған қаласындағы НЗМ 12-сынып оқушысы Ақжол Болат;
— Ақтөбе қаласындағы НЗМ 12-сынып оқушысы Алихан Калмагамбетов;
— Павлодар қаласындағы НЗМ 11-сынып оқушысы Мансур Тұрсынғалиев;
— Талдықорған қаласындағы НЗМ 10-сынып оқушысы Рамиль Имашев.
Команданың жетекшілері мен жаттықтырушылары — республикалық және халықаралық олимпиадалардың бірнеше дүркін жүлдегерлері Абай Дүйсен мен Ақберен Айжарық.
Айта кетейік, EGeo олимпиадасы 2015 жылдан бері өткізіліп келеді. Басты мақсат — география және экология саласына қызығушылықты арттыру.
Байқау үш кезеңнен тұрады: жазбаша тест, мультимедиялық тапсырма және дала туры. Барлық тапсырма ағылшын тілінде орындалады. 2024 жылы Қазақстан құрамасы алты медаль еншілеген болатын.
Қазақстандық оқушылар Балқан математикалық олимпиадасында ең үздік атанғанын жазған едік.