Қазақстан олимпиадалық құрамаға легионерлерді тартқан жоқ - ҚР МСМ

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Қазақстан төрт жылдан бері олимпиадалық құрамаға легионерлерді тартпағанын мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазақстан құрамасы 2018 жылғы Олмпиада ойындарына көп жолдаманы жеңіп алды. Ең көп жолдама Сочиде (Олимпиада) болды, яғни 60 жолдама. Алайда бұл тұрғыда атап өтер жайт, Сочиге легионер спортшылар тартылған болатын. Төрт жылдың барысында, сонымен қатар Рио додасы мен қазіргі жарысқа спортшыларды тарту (легионерлерді) тәжірибесі болған жоқ. Біз тек қазақстандық спортшыларды тәрбилеп жатырмыз. Алдағы Олимпиадаға 46 спортшы қатысады, оның ішінде Ким Йонг А-дан басқа 45-і Қазақстанда тәрбиеленіп шықты. Бірақ та Ким Йонг А біраздан бері Қазақстанның құрамасы атынан шығып жүргені белгілі», - деді министр Үкімет отырысында.

Оңтүстік Кореяның Пхенчхан қаласында өтетін XXIII Олимпиада ойындарының басталуына тура 10 күн уақыт қалды. Осыған дейін хабарлағанымыздай төрткіл дүние көз тігетін басты додаға Қазақстан құрамасы 57 жолдама жеңіп алған болатын. Отандастарымыз спорттың 9 түрінен сынға түседі.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Олимпиадаға қатысатын спортшыларға жеңіс тіледі.

Сондай-ақ, спортшыларымыз туыстарымен ұялы байланысқа шығуы үшін демеушілер есебінен 30 млн теңге қосымша бөлінген.