Қазақстан-Оман байланысы: саяси диалогтан нақты экономикалық жобаларға дейін

АСТАНА. KAZINFORM — Оман Сұлтаны Хайсам бен Тариқ Әл Саидтың Орталық Азияға алғашқы мемлекеттік сапарын Қазақстаннан бастауы еліміздің халықаралық аренадағы дипломатиялық беделінің жоғары екенін аңғартады.

Фото: Kazinform

Бұл Қазақстанның өңірлік және халықаралық байланыстарды дамытудағы орнының артып келе жатқанын көрсететін маңызды оқиға. Сонымен қатар сапар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сыртқы саясаттағы белсенді әрі жүйелі жұмысының нақты нәтижелерінің бірі ретінде бағаланады. 

Мемлекет басшысы мен Оман Сұлтанының келіссөздері барысында инвестиция, көлік-логистика, энергетика, тау-кен өнеркәсібі, цифрландыру, жасанды интеллект және туризм сияқты перспективалы бағыттар бойынша маңызды уағдаластықтарға қол жеткізілді.

Сонымен қатар бірлескен инвестициялық құрылым құру, жаңа көлік дәліздерін дамыту және әуе қатынасын кеңейту жөніндегі келісімдер екі ел арасындағы экономикалық серіктестікті жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді.

Тәуелсіз халықаралық қатынастар және экономикалық саясат жөніндегі сарапшы Ерік Батырхановтың пікірінше, Оман Сұлтанының алғашқы Орталық Азия сапарының дәл Қазақстаннан басталуы еліміздің халықаралық байланыстарды нығайтудағы рөлін айқындайды. Оның айтуынша, Мемлекет басшысының жүйелі дипломатиялық жұмысы саяси диалогты нақты экономикалық жобалармен толықтыруға және Қазақстан мен Оман арасындағы ынтымақтастықты жаңа бағыттар бойынша кеңейтуге берік негіз қалыптастырып отыр.

— Қазақстан мен Оман елдері бірлескен инвестициялық құрылым құру туралы уағдаласты. Бұл құрылым аясында қандай бағыттар мен жобалар басымдыққа ие болуы мүмкін және тараптар қандай экономикалық нәтижелер күтеді?

— Бәрінің осындай жылдам қарқынмен жүзеге асып жатқаны көңіл қуантады. Көктемде қор құрудың негізгі қағидалары бойынша уағдалассақ, бүгін оның өзін құру туралы құжатқа қол қойылды. Мемлекет басшылары деңгейіндегі қарым-қатынас үшін бұл — жақсы қарқын. Оның үстіне Оман Сұлтаны Хайсам бен Тариқ Әл Саидтың Қазақстанға ғана емес, Орталық Азияға алғаш рет мемлекеттік сапармен келуі де бұл кездесуге ерекше мән береді. Сапардың Қазақстанда өтуі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Парсы шығанағы елдерімен байланысты жүйелі түрде дамытуға бағытталған дипломатиялық жұмысының нәтижесін көрсетеді.

Маңызды тұсы — тараптар қорға тең үлеспен қаржы салады. Серіктес жобаға сеніңмен бірдей деңгейде қаржы құйса, оған деген жауапкершілігі де жоғары болады және ол жобалардың нәтижесіне мүдделі болады. Қордың негізгі басымдықтары да айқын: өнеркәсіп, энергетика, логистика және денсаулық сақтау. Ал алғашқы жоба Blue City Rixos жобасы — бүгіннің өзінде рәсімделді.

Меніңше, қордың басты мәні — инвестициялық ынтымақтастықты жүйелі сипатқа көшіруінде. Оман капиталы бұған дейін де Қазақстанда мұнай, астық логистикасы және алтын өндіру салаларында жұмыс істеді. Алайда әр жоба жеке бастама ретінде жүзеге асырылып келді. Енді тұрақты жұмыс істейтін ортақ механизм пайда болады. Бұл инвестицияларды жекелеген мәмілелер деңгейінен шығарып, екі ел арасындағы қалыпты әрі тұрақты экономикалық серіктестік тетігіне айналдыруға мүмкіндік береді.

— Келіссөздер барысында көлік және логистика мәселесіне ерекше назар аударылды. Оман порттары арқылы өтетін сауда дәлізін дамыту қазақстандық тауарлардың Парсы шығанағы, Үнді мұхиты, Азия және Африка елдерінің нарықтарына шығу мүмкіндігін қалай кеңейте алады?

— Оманға апаратын оңтүстік бағыт Қазақстан үшін жаңа көлік-логистикалық мүмкіндіктерге жол ашады. Сондықтан бұл бағытты дамытуға дайындықты қазірден бастау маңызды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстанның транзиттік әлеуетін арттыруға және жаңа сауда бағыттарын қалыптастыруға бағытталған саясаты осы мүмкіндіктерді тиімді пайдалануға берік негіз қалыптастырып отыр.

Маған бүгін Сұлтанның Қазақстан мен Оман арасындағы серіктестікті сипаттағаны ұнады. Қазақстан Азия мен Еуропаны байланыстыратын жолдардың тоғысында орналасса, Оман теңізге шығатын маңызды қақпаны ашады. Яғни Парсы шығанағына, Үнді мұхитына, Азия мен Африка нарықтарына шығуға мүмкіндік береді. Қазақстан үшін бұл өте маңызды, өйткені теңіз порттарымен байланысты жаңа бағыттар елдің экспорттық және транзиттік мүмкіндіктерін кеңейтуге жағдай жасайды. Осы тұрғыдан алғанда, Мемлекет басшысының Оманмен көлік-логистика саласындағы байланысты дамытуға ерекше мән беруі нақты экономикалық мүмкіндіктерді іске асыруға бағытталған маңызды қадам деп бағалауға болады.

Меніңше, жұмысты ең алдымен терминалдар мен қоймаларды бірлесіп дамытуға инвестиция салудан бастауға болады. Қазақстанның көлік-логистикалық әлеуеті мен Оманның порттық инфрақұрылымын ұштастыру арқылы тұрақты жүк ағынын қалыптастыруға, қазақстандық тауарлардың жаңа нарықтарға шығуын кеңейтуге және екі ел арасындағы сауда байланыстарын одан әрі дамытуға мүмкіндік бар.

— Тараптар геологиялық барлау саласында келісімдерге қол қойып, мұнай-газ және тау-кен өнеркәсібі бағыттарында бірлескен жобаларды жүзеге асырып келеді. Бұл салалардағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту үшін қандай жаңа мүмкіндіктер ашылады?

— Бұл бағытта бізді байланыстыратын ең ұзақ әрі, бәлкім, ең берік тарих бар. Оман Доңға кен орнында 1990-жылдардың ортасынан бері жұмыс істеп келеді. Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев омандық инвестормен болған даудың реттелгенін арнайы атап өтті. Кез келген шетелдік инвестор үшін бұл кез келген таныстырылымнан да маңызды белгі деп ойлаймын. Қазақстанда келісімге келуге және тиімді шешім табуға қажетті жағдай қалыптасқанын көрсетеді.

«ҚазМұнайГаз» бен Оманның OQ компаниясы арасында қол қойылған келісім де өте маңызды қадам деп санаймын. Бірлескен мұнай өндіру қазіргі міндеттерді шешсе, бірлескен геологиялық барлау алдағы онжылдықтарға арналған ынтымақтастықтың жаңа мүмкіндіктерін қалыптастырады.

Ал тау-кен саласында қазақстандық ретінде мақтануға тұрарлық үрдіс қалыптасып келеді.

Оман капиталы біздің Solidcore компаниясының ірі акционеріне айналды, ал Solidcore компаниясы осы жазда Оманға барып, мыс-алтын жобасын жүзеге асыруға кірісті. Әдетте біз шетелге шикізат экспорттаймыз, ал бұл жағдайда Қазақстанның тәжірибесі мен технологиялық әлеуетін сыртқы нарыққа шығаруға мүмкіндік туып отыр. Бұл екі ел арасындағы инвестициялық серіктестіктің жаңа деңгейге көтеріліп келе жатқанын көрсетеді.

— Қазақстан мен Оман арасында әуе қатынасы туралы келісімге қол қойылды. Тікелей әуе рейстерінің санын арттыру жоспарланып отыр ма және бұл екі ел арасындағы іскерлік және туристік байланыстарды дамытуға қандай мүмкіндіктер береді?

— Қол қойылған келісім жаңа әуе рейстерін ашуға жол ашады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін бұл мәселенің маңызын атап өтті. Қазірдің өзінде Алматыдан Маскатқа Оманның SalamAir әуе компаниясы тікелей рейс орындайды. Сондықтан бұл бағытты одан әрі дамытуға жақсы негіз бар.

Тікелей әуе рейстерінсіз іскерлік ынтымақтастықты толыққанды дамыту қиын. Кәсіпкер үшін серіктестің өндірісін өз көзімен көру, кездесіп, тікелей келіссөз жүргізу маңызды. Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстан-Оман іскерлік кеңесін құру мен жаңа әуе рейстерін ашу бір-бірін толықтыратын екі маңызды бағыт деп айтуға болады.

Туризм саласында да екі елдің мүмкіндіктері бір-бірін жақсы толықтырады. Қазақстандықтар үшін Оман теңіз жағалауындағы тыныш әрі көрікті туристік бағыт ретінде қызықты. Ал омандықтар үшін Қазақстанның жазғы табиғаты, таулары, көлдері мен таза ауасы тартымды бағыт бола алады. Oman Air әуе компаниясының маусым айынан бастап Ташкентке рейс орындауы да Орталық Азия бағыттарына деген қызығушылықтың артып келе жатқанын көрсетеді. Сондықтан Астана мен Алматының омандық әуе тасымалдаушылары үшін перспективалы бағыттарға айналуына мүмкіндік мол деп ойлаймын.

— Оман Қазақстанмен технологиялар және жасанды интеллект салаларында ынтымақтастық орнатуға қызығушылық білдірді. Мемлекеттік қызметтерді цифрландырудан бастап экономикаға жасанды интеллектіні енгізуге дейінгі қандай нақты бағыттарда Қазақстан мен Оман бірлескен жобаларды жүзеге асыра алады?

— Цифрландыру саласында біздің бөлісер тәжірибеміз жеткілікті. Басқа елдерде адамдар бірнеше сағат кезек күтетін қызметтерді бізде телефон арқылы бірнеше минуттың ішінде алуға болады. Оман тарапы да бұл тәжірибеге жоғары баға беріп отыр. Көктемде олардың делегациясы Астанадағы АХҚО мен Жасанды интеллект орталығының жұмысымен арнайы танысып қайтты.

Мен бұл бағытта үш негізгі бағытты атап өтер едім. Біріншісі — электронды үкімет. Бұл саладағы тәжірибемізді іс жүзінде дайын үлгі ретінде ұсынуға болады. Екіншісі — финтех және цифрлық қаржы қызметтері. Оның үстіне бүгін екі елдің Қаржы министрліктері ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Үшіншісі, меніңше, ең қызықты бағыт — қазірдің өзінде бірлесіп жұмыс істеп жатқан салаларға жасанды интеллектіні енгізу.

Геологиялық барлау, логистика және ауыл шаруашылығы бағыттарында ортақ жобалар да, деректер де, нақты міндеттер де бар. Сондықтан дәл осы салаларда жасанды интеллект қысқа мерзімде нақты әрі тиімді нәтижелер беруге мүмкіндік береді.