Қазақстан омбудсмені Женевадағы құқық қорғау шараларына қатысты

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Асқар Шәкіров жұмыс сапарымен Женеваға (Швейцария Конфедерациясы) барды.

Сапар барысында Уәкіл БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі Жоғарғы комиссары басқармасының Еуропа мен Орталық Азия бөлімінің басшысы Хулан Цедевпен, БҰҰ-ның Балалар қорының (ЮНИСЕФ) Өңірлік кеңесшісі Жан-Клод Легранмен, Ұлттық құқық қорғау мекемелерінің халықаралық үйлестіру комитетінің женевалық өкілі Катарина Роземен, Ұлттық құқық қорғау мекемелерінің Азия-Тұнық мұхит форумы Хатшылығының басшысы Кирен Фитцпатрикпен, сондай-ақ шетелдік ұлттық құқық қорғау мекемелерінің басшыларымен кездесіп, халықаралық ұйымдарда екіжақты келіссөздерді өткізді.
Кездесулер барысында қазіргі жағдайда адамның құқықтарын қамсыздандыру мәселелері, дәлірек айтқанда, қазақстандық Омбудсменнің кеңсесін институционалдық нығайту, халықтың қауқарсыз топтарының құқықтарын қорғау, қатыгездікпен қараудың алдын алу, жабық мекемелерінің мониторингі, БҰҰ органдарының ұсынымдарын жүзеге асыру, сондай-ақ азаматтық қоғаммен өзара іс-қимыл жөніндегі мәселелер талқыланды. Сондай-ақ қатысушылар өзекті салалардағы үздік тәжірибемен халықаралық деңгейде алмасу жайында пікір бөлісті.
А. Шәкіров әріптестеріне Қазақстандағы түбегейлі өзгерістер жайлы баяндады, оның айтуынша, бұл өзгерістер адамның құқықтарын елімізде жүйелі дамытуға тікелей бағытталған.
Адам құқықтары жөніндегі Жоғарғы комиссариатында кездесу барысында Уәкіл:
- Президент Н.Ә. Назарбаевтың бастаған Бес институционалдық реформаларын және оларды орындау бойынша Жүз қадамды жүзеге асыру саяси, азаматтық, экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтары саласындағы көптеген құқық қорғау талаптарын қайта жандандырды, - деп атап өтті.
Өз кезегінде, шетелдік әріптестер қазақстандық Уәкіл кеңсесінің балалардың құқықтарын қорғау және дамыту, азаптаулардың алдын алу, азаматтық қоғаммен және мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл саласындағы жұмыс тәжірибесіне қызығушылық танытып, осы тәжірибені халықаралық деңгейде әрі қарай тарату жөнінде уағдаласты.
Оған қоса, олар Қазақстанда Баланың құқықтары жөніндегі уәкілдің институтын құру туралы жаңалықты жылы қабылдады
Женевадағы сапары аясында А. Шәкіров Халықаралық үйлестіру комитетінің 29-шы жыл сайынғы кездесуіне және Азия-Тұнық мұхит форумының өңірлік кездесуіне қатысты. Жанжалдар және жанжалдан кейінгі жағдайда, сондай-ақ көші-қон дағдарысы, діни төзбеушілікпен, нәсілшілдікпен және ксенофобиямен күресу жағдайында адамның құқықтарын қамтамасыз ету, сондай-ақ ұлттық құқық қорғау мекемелерінің аталған мәселелерді шешудегі рөлі жайында пікірталастар өтті.
Қатысушылар дүниежүзілік гуманитарлық дағдарысты еңсеру барысында ұлттық құқық қорғау мекемелерінің рөлі адамның құқықтарын жаппай бұзу, мемлекеттік биліктің әлсіреуі, қарулы жанжалдар және көші-қон ағымдары сияқты факторлармен күресу мақсатында нығайтылуы тиіс деген ортақ пікір білдірді.