Қазақстан «өмірлік маңызы бар дәрілердің» 37 пайызын өзі өндіріп отыр — Үкімет отырысы

Фото: Ағыбай Аяпбергенов / Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM — Ауылдарда жаңадан ашылатын медициналық мекемелердің бәрінде дәріхана бұрышы болады. Бұл туралы Үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрінің орынбасары Тимур Мұратов айтты. 

— Елімізде 10 мыңнан астам дәріхана ұйымдары жұмыс істейді. Оның ішінде 2 700-і ауылдарда орналасқан. Шалғай елді мекендерде 11 жылжымалы дәріхана бекеті жұмыс істейді.

Ауыл тұрғындары дәріханаға қол жеткізу үшін келесі жылы жаңадан ашылып жатқан ауылдық медициналық ұйымдар базасында дәріхана бекеттерін ашу жоспарланып отыр, — деді Тимур Мұратов.

Сондай-ақ, ол елдегі 2 174 дәріхана тиісті дәріханалық тәжірибе (GDP) стандарттарына сәйкес екенін атап өтті.

— Елімізде жалпы 20 476 дәрілік зат пен медициналық бұйым тіркелген. Олардың 15%-дан астамы — қазақстандық өндірушілер. Ал, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ұсынған «өмірлік маңызы бар дәрілер» тізімінде елімізде отандық өнімдер үлесі 37% болды, — деді вице-министр.

Айта кетейік, бүгін Үкімет халықты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жайын талқылап жатыр