Бұл жайында «Казахстанская правда» газетіне сұхбат берген Қазақстанның Түрікменстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Орман Нұрбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Көмірсутек шикізатының ірі қорына иелік етіп отырғанымен - екі елдің де теңізге тікелей шығар жолы жоқ. Мұндай жағдайда бірлескен үйлестірілген іс-қимыл ғана біздің көмірсутегіміздің халықаралық аренаға шығуын қамтамасыз ете алатындығы сөзсіз. Екі елдің мол ресурс қоры мен үлкен транзиттік-көліктік әлеуеті бар екендігін ескерсек , онда отын-энергетикалық саладағы ынтымақтастық біздің өзара іс-қимылдарымыздың стратегиялық бағыттарының бірі бола алады. Бұл саладағы өзара іс-қимыл ұзақ мерзімді сипатқа ие және үнемі ізденіс пен көп жұмысты талап етеді», - деді Елші сұхбат барысында.
Мәселен, оның атап өтуінше, бүгінде Ашһабадтың Түрікменстан-Ауғанстан-Пәкістан-Үндістан газ құбырын салуға қатысты өте ауқымды жоспары бар. Бұл ретте, қазақстандық өндірушілер арқалық рельс, құбыр, жалпы Түркіменстан экономикасының мұнайгаз секторының инфрақұрылымына қажетті барлық тауарлар мен қызмет түрлерін жеткізуге арналған халықаралық тендерлерге қатыса алар еді.
«Қазақстандық-түркіменстандық ынтымақтастықтың келесі бір стратегиялық бағыты транзиттік-көліктік сала саналады. Оған екі елдің географиялық орналасуы мол мүмкіншілік береді. Қазіргі уақытта жүзеге асырылған «Солтүстік-Оңтүстік» теміржолы жобасынан бөлек ілеспе инфрақұрылымы бар қолданыстағы түркімен теміржолдары мен автомобиль жолдарын жаңғырту және жаңасын салуға бағытталған жобалары да назар аударуға тұрарлық», - деді Нұрбаев.
Айта кетейік, кеше елімізге Түрікменстан Президенті Гурбангулы Бердімұхамедов мемлекеттік сапармен келіп , Ақордада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен шағын және кеңейтілген құрамда келіссөздер өтті. Нәтижесінде бірқатар екіжақты құжаттарға қол қойылды.
Ал бүгін елордада Түрікменстан президенті Гурбангулы Бердімұxамедовтің жылқы мен ат өсіру өнеріне арналған қазақ тіліндегі үш кітабының таныстырылымы өтті.