Қазақстан өндірістік хабқа айнала ала ма: әлем ғалымдары не дейді

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан өндірісті дамыту үшін табиғи ресурстарын тиімді пайдаланып қана қоймай, ғылым, бизнес және мемлекет арасындағы байланысты күшейтуі қажет. Бұл туралы Назарбаев университетінде өткен Өндіріс саласындағы зерттеулер жөніндегі 23-халықаралық конференцияда (ICMR 2026) ғалымдар айтты.

Фото: Назарбаев Университеті

ICMR — өндірістік зерттеулер саласындағы ғалымдар мен өнеркәсіп өкілдерін біріктіретін халықаралық алаң. Конференция 40 жылдан астам уақыт бұрын Ұлыбританиядағы университеттердің өндіріс және инженерия бағдарламалары жетекшілерінің консорциумы негізінде құрылған. Биыл халықаралық конференция Қазақстанда алғаш рет ұйымдастырылып отыр.

ICMR 2026 конференциясының жалпы төрағасы, NU Инженерия мектебі деканының міндетін атқарушы профессор Эссам Шехаб Қазақстанда мұндай халықаралық өндірістік конференцияның өткізілуі маңызды мүмкіндік екенін атап өтті.

Фото: Камила Мүлік/Kazinform

Конференция барысында өндірістің болашағы, өнеркәсіптік инновациялар, жаңа технологиялар, кадр даярлау және ғылым мен бизнестің өзара ықпалдастығы талқыланды. Панельдік пікірталасқа Alstom, Wabtec, Air Astana, VietJet, KPE, Ghalam, Air Liquide және Composite Materials компанияларының басшылары мен жетекші сарапшылары қатысты.

Іс-шараға 60-қа жуық Ұлыбритания, Канада, Ирландия, Қазақстан және басқа елдердің ғалымдары қатысты. Баяндамалар роботтандыру мен автоматтандыру, жасанды интеллект, машиналық оқыту, цифрлық өндіріс, аддитивті технологиялар және Industry 4.0 бағыттарын қамтыды.

Профессор Қазақстан үшін кадр даярлау мәселесінің де маңызы зор екенін айтты. Оның пікірінше, өндірісті дамытатын инженерлер мен техникалық мамандарды даярлау, сондай-ақ оларды елде ұстап қалу — ұзақмерзімді индустриялық саясаттың маңызды бөлігі.

NU Инженерия мектебінің қауымдастырылған профессоры Хазрет Али Қазақстанның өндірістік хабқа айналуына мүмкіндік бар деп санайды.

Фото: Камила Мүлік/Kazinform

— Қазақстан өндіріс саласында өсіп келе жатқан елдердің бірі. Соңғы жылдары бұл бағыттағы даму қарқынды жүріп жатыр. Сондықтан елдің болашағы жақсы, — деді ол.

Фото: NU университетінің баспасөз қызметі

Профессор Юсуф Алтинтас Қазақстанның халқы салыстырмалы түрде аз болуы да белгілі бір жағдайда артықшылық екенін айтты. Оның пікірінше, халық саны шағын елдің өзінде жоғары білікті мамандарды даярлау арқылы әлемдік нарыққа технологиялық өнім шығаруға болады.

— Швейцария — шағын ел, бірақ әлемге көптеген технология ұсынады. Қазақстан да өз мамандарын жоғары деңгейде даярласа, мұндай нәтижеге қол жеткізе алады, — деді ол.

Айта кетейік, бұған дейін, Павлодардағы дрон өндірісі қалай дамып жатқанын жазған едік.