Қытай Қазақстанның басты серіктестерінің бірі саналады. ҚР Президенті 2017 жылдың 31 қаңтарындағы Қазақстан халқына Жолдауында еліміздің аумағында Қытаймен бірлескен 6 жоба жүзеге асырыла бастағандығын, ал 2 жоба іске қосылғанын атап өткен. Соның бірі - гибридтік және толықтай электрлі JAC автомобильдерін ірі құрылғылардан құрастыратын зауыт. Дегенмен, соңғы мәліметтер Қазақстан мен ҚХР арасындағы сауда белсенділігінің республикалық, сонымен бірге өңірлік деңгейде де баяулағандығын көрсетіп отыр.
«2016 жылы Қытаймен сауда-саттықта өңірлік негізгі экспорттаушылар саналған Ақтөбе, Қарағанды және Қызылорда облыстарының ҚХР-ға экспортының көлемі 23 пайызға қысқарды. Ақтөбе облысының Қытайға экспорт көлемі 36 пайызға, Қызылорда облысы 47 пайызға кеміді. Қарағанды облысының экспорты біршама тұрақты (жылына -5 пайыз) болып тұр», - делінген хабарламада.
Қазақстанның қытайға экспортының жалпы көлеміндегі бұл үш өңірдің жиынтық үлесі 60 пайызға жуықтайды. Ақтөбе облысынан Қытайға шикі мұнай, кен және мыс конденцатының экспорт көлемі азайған. Өткен жылы бұл облыс көрші елге жалпы сомасы 156,8 млн. долларды құрайтын 548 мың тонна шикі мұнай мен шикі мұнай өнімдерін жеткізген. Ақшалай мәнде 1 жыл ішіне экспорт сомасы 22 пайызға кеміген. Ал кен мен мыс конденцаты экспорты 2015 жылмен салыстырғанда 53 пайызға азайып, 77,7 млн. долларды құраған.
2016 жылы Қарағанды облысы Қытайға 725,5 млн. доллардың мыс және мыс қорытпаларын сатты. Бұл сома 2015 жылмен салыстырғанда 5 пайызға аз. Қызылорда облысынан көрші елге өткен жылы жалпы құны 500,8 млн. долларды құрайтын 2,3 млн. тонна шикі мұнай экспортталған. Ал ақшалай мәнде экспорт бір жылдың ішінде 2 есеге құлдыраған.
Қазақстанда Қытай өнімдерін сатып алуда Алматы көш бастап тұр. Көрші елден Қазақстанға жеткізілетін импорттың 47 пайызы Алматыға тиесілі. 2016 жылы Алматы мен ҚХР арасындағы тауар айналымы 1,9 млрд. долларды құрады. Бұл 2015 жылғы деңгейден 28 пайызға төмен. Қытайдан Қазақстанға негізінен телефон аппараттары, оның ішінде ұялы телефондар жеткізіледі. Өткен жылы жалпы құны 290,1 млн долларды құрайтын шамамен 2 мың тонна құрылғы жеткізілді. Екінші орында компьютерлер мен басқа да есептеу техникалары тұр. Бұл техникалар өткен жылы көрші елден 122,5 млн. долларға сатып алынған.