Қазақстан өңірлік су-энергетикалық консорциум құруды ұсынады – Мұрат Нұртілеу

АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстан тапшылық мәселесін шешу үшін өңірлік су-энергетикалық консорциум құруды ұсынады. Бұл туралы елордада өтіп жатқан Азиядағы қауіпсіздік және ынтымақтастық форумында сөз сөйлеген Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мен Орталық Азияның болашақ дамуы үшін мұқият назар аударуды қажет ететін бірнеше нақты мәселені атап өткім келеді. Олар - су тапшылығы, қоршаған орта, шекара дауы және Ауғанстандағы жағдай. Халықтың өсуі мен су ресурстарының жетіспеушілігі кезінде су ресурстарын әділ және ұтымды бөлу басты мәселеге айналды. Осы себепті Қазақстан өңірлік су-энергетикалық консорциум құруды ұсынады. Сонымен қатар біздің еліміз 1990-шы жылдардың басында Орталық Азиядағы серіктестерімізбен бірге құрған Халықаралық Аралды құтқару қорлары арқылы Аралды қалпына келтірумен айналысып келеді», - деп атап өтті министр.

Сонымен қатар Мұрат Нұртілеу Қазақстан трансшекаралық өзендерге қатысты өзекті мәселелерді шешу бойынша Ресей, Қытай, Ауғанстан сияқты мемлекеттермен бірлесіп жұмыс істеп жатқанын атап өтті.

«Орталық Азиядағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету дегеніміз Ауғанстанда бейбітшілік пен тұрақтылық орнатуды меңзейді. Біздің пайымымызға сай, Ауғанстан БҰҰ-ның үйлестіруі халықаралық қолдауды қажет етеді. Ауғанстанда бейбітшілік орнату тек Орталық Азияға ғана емес, сонымен қатар жалпы Азия мен Еуропадағы тұрақтылыққа тікелей әсер етеді. Осы мақсатта Қазақстан Алматыда Орталық Азия мен Ауғанстанды тұрақты дамыту жөніндегі БҰҰ хабын құруды ұсынамыз», - деп түйіндеді Мұрат Нұртілеу.

Еске салайық, бұған дейін елордада Азиядағы қауіпсіздік және ынтымақтастық форумы өтіп жатқанын хабарлап едік. Оған Азия елдерінен келген 60-тан астам сарапшы қатысып жатыр.

https://kaz.inform.kz/news/elordada-aziyadagy-kauipsizdik-zhane-yntymaktastyk-forumy-bastaldy_a4089200