«Қазақстан мұнай мен газды ірі өндіруші және экспорттаушылардың бірі саналады. Халықаралық энергетикалық жүйенің ажырамас буыны бола отырып, сындарлы жаһандық және өңірлік энергетикалық ынтымақтастыққа жәрдемдесуге міндеттіміз. Еліміз қазіргі әлемнің маңызды саяси және экономикалық орталықтарының бірі бола отырып, өңірдегі энергетикалық көшбасшы мәртебесін нығайтуға ұмтылады. Бұл үшін бізде барлық мүмкіндіктер бар», - деді Энергетика министрі.
Ол энергетиканы дамытудың экономикалық, әлеуметтік және экологиялық аспектілері арасындағы тепе-теңдіктің маңыздылығын түсінетіндігімізді баса айтты.
«Халқымыздың қажеттіліктерін қанағаттандыра алатын және сонымен бірге қоршаған ортаға теріс әсерді барынша азайта алатын тұрақты әрі тиімді энергетикалық жүйені құру үшін халықаралық әріптестермен ынтымақтастыққа ұмтыламыз. Мемлекет басшысы энергетикалық күн тәртібіне, климаттың өзгеруіне қарсы күрес мәселелеріне және төмен көміртекті экономикаға көшуге ерекше назар аударады», - деді Алмасадам Сәтқалиев.
Айта кетейік, елордада XV KazEnergy Еуразиялық форумы өтіп жатыр. Халықаралық іс-шара қатысушыларына Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құттықтау жолдады.