Қазақстан өңірдегі ірі авиациялық хаб атану үшін не істейді
АСТАНА. KAZINFORM — 2030 жылға қарай Қазақстан әуе тасымалын 26 миллион жолаушыға жеткізуді жоспарлап отыр. Бұл туралы Көлік министрлігі Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Салтанат Томпиева елордада «Орталық Азия + Қытай» авиация мәселелері жөніндегі ынтымақтастық жұмыс тобының конференциясында айтты.
Оның айтуынша, 2024 жылы Қазақстан әуе компаниялары шамамен 15 миллион жолаушыны тасымалдады. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 11 пайызға көп. Қазір бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 14 пайызға артық.
— Біз сондай-ақ әуе тасымалының қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлеміз. Біздің ИКАО стандарттарына сәйкестігіміз 82 пайыз, бұл халықаралық орташа деңгейден жоғары. Мәселен, Еуропада бұл көрсеткіш 76 пайызға жетеді. Осының арқасында біз ЕО-ның сеніміне ие болып, халықаралық қызметтер көрсету мүмкіндігін алдық. ИКАО президентінің Қазақстанға келуі де ынтымақтастықты дамыту мүмкіндіктерін талқылайтын маңызды мүмкіндік болды. Біз қауіпсіздікке басымдықты ең жоғары деңгейде сақтаймыз. Былтыр авиация саласындағы мемлекеттік органдар 961 тексеріс жүргізіп, 986-нан астам рұқсат берді, — деді Салтанат Томпиева конференцияның ашылуында.
Бүгінгі таңда Қазақстанның ішкі нарығы 61 бағыт бойынша жұмыс істейді, аптасына 849 рейс орындалады. Бұл көрсеткіштер ішкі сұраныс талаптарына сай келеді.
— Біз ішкі және халықаралық әуе рейстері мен тасымалдар санын ұлғайтуды көздеп отырмыз. 2022 жылы 21 халықаралық бағыт ашылса, биыл 36 жаңа бағыт ашу жоспарланған. Алты жаңа лоукост әуе компаниясын іске қосу көзделіп отыр. 2024 жылғы 14,7 миллион жолаушы тасымалын екі есе көбейтіп, 2030 жылы 26 миллионға жеткізуді жоспарлап отырмыз. Транзиттік жолаушылар санын 338 мыңнан 1,1 миллионға дейін үш есе арттыру көзделген. Бұл батыл мақсат Қазақстанның өңірдегі ірі авиациялық хаб ретіндегі рөлін нығайтады. Жүк тасымалы да біздің басымдықтарымыздың бірі, 2030 жылға қарай оны 500 мың тоннаға жеткізуді жоспарлап отырмыз, — деді комитет төрағасы.
Сонымен бірге, Президент тапсырмасымен 6 өңірде — Астана, Алматы, Ақтөбе, Қарағанды, Шымкент, Ақтау әуежайларын аэрохаб ретінде дамыту жұмыстары қолға алынған. Оның ішінде Алматы мен Астана әуежайларын шетелдік инвесторлар басқарып, дамытуға мол қаражат бөліп отыр.
Бұған дейін Азаматтық авиация комитеті төрағасының орынбасары Дархан Катышев алдағы уақытта Қазақстаннан қай қалаларға әуе рейсі ашылатынын айтып берген еді.
Токио, Сингапур, Нью-Йорк: Қазақстаннан қай қалаларға әуе рейсі ашылады
Сондай-ақ, бір жылда Қазақстан мен Қытай әуе қатынасы 18 рейске көбейіп, 78-ге жеткен.