Қазақстан өңірлерінде зімбір мен бал бағасы қанша
АСТАНА. KAZINFORM — Инфекциялық аурудың өршитін шағында Kazinform агенттігінің тілшісі иммунитетті күшейтіп, өзіңді сергек сезінуге септігін тигізетін зімбір мен бал бағасын білді.
Зімбір мен бал күн суыта бастағанда иммунитетті нығайтуға, инфекциялық аурудың алғашқы белгілері білінгенде оны басуға көмектеседі. Маусымдық вирустан қорғануға мүмкіндік беретін бұл өнімдер дәл осы шақта жоғары сұранысқа ие. Мәселен зімбірдің құрамында қабынуға, микробқа қарсы тұратын гингерол бар. Ол қыздырады, қан айналымын жақсартып, маусымдық ауруды тез жеңуге септігін тигізеді. Ал егер зімбір қосылған шайды жиі ішсеңіз, иммунитетті нығайтып, сергек жүресіз.
Балдың құрамы дәруменге толы. Ондағы фермент пен антиоксидант қабынуға қарсы тұрады, тыныштандырады. Бал қосылған жылы су жөтелді басып, күн суытқанда қосымша қуат береді. Ал егер зімбір мен балды қатар қолдансаңыз, пайдасы күшті. Зімбір зат алмасуды реттесе, бал ащы дәмді басып, пайдалы тағамды тез сіңіруге көмектеседі. Алайда күз бен қысқа сұраныс артып, бұл зімбір мен бал бағасына өз әсерін тигізетіні сөзсіз. Қазіргі кезде зімбірдің қайдан тасымалданып жатқаны маңызды. Баға да соған орай құбылмалы.
Ал бал бағасына әсер ететін бірнеше фактор бар. Сарапшылардың айтуынша, оған ара райы мен өнімнің қаншалықты жақсы жиналғаны әсер етеді. Жаз салқын немесе құрғақшылық болса, өнім аз жиналады. Балды шаруалар бірнеше жерден жинайды. Тау, орман, шабылдық, сонымен бірге түрлі шөп, қарақұмық, жөке балы да болады. Қазақстандық шаруалар өздері өндірген балды жоғары бағалайды, ал өзге елден әкелінген бал арзанға түседі.
Еліміздегі қалаларда балдың орташа бағасы 2 500 – 3 000 теңге аралығында. Көп өңірдегі баға осы. Қызылорда, Астана, Түркістан, Семей, Өскеменде келісі 2 500 теңгеден, Орал, Шымкент, Петропавл, Талдықорған, Қарағанды, Ақтауда 3 000 теңгеден асталады. Ал ең арзаны Алматы мен Ақтөбе қалаларында. Мұнда кейбір балдың келісі 1 800 теңге. Павлодар, Қостанай мен Таразда одан сәл жоғары. Келісі – 2 000 теңге. Көкшетауда бал бағасы 3 500 теңгеден басталады. Ал балдың қымбаты Жезқазғанда сатылады. Мұнда тәтті өнімнің орташа бағасы 4 000 теңге.
Ал зімбірдің келісі балға қарағанда төмен. Орташа бағасы – 2 000-2 500 теңге. Павлодар, Таразда келісі 2 000 теңгеден, ал Көкшетау, Семей, Өскемен, Талдықорған, Түркістан мен Ақтауда 2 500 теңгеден басталады. Зімбірдің ер арзанын Қарағанды қаласынан табасыз. Мұнда келісі – 1 300 теңге. Алматыда 1389 теңге, Жезқазғанда 1500 теңге, ал Астанада 1 537 теңгеден басталады. Павлодар мен Шымкентте 1 600 теңге болып тұр. Зімбірдің келісі Орал мен Қостанай қаласында – 3 000 теңге. Ең қымбаты Ақтөбе қаласында. Мұндағы супермаркетте келісі – 4 085 теңге.
Айта кетейік, бұған дейін көлік дөңгелегін ауыстыру қызметінің қанша екенін білдік.