Қазақстан оңтүстіккореялық туристер үшін тартымды бағытқа айналды
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан Оңтүстік Кореяның саяхатшылары үшін Орталық Азиядағы жаңа танымал аймаққа айналып келеді. Бұл туралы Kazakh Tourism хабарлады.
Agoda цифрлық туристік платформасының деректеріне сәйкес, 2025 жылдың қаңтар-қазан айлары аралығында елімізге деген іздеу сұранысы 295 пайызға артқан.
Биыл оңтүстіккореялық туристер тарапынан Қазақстан бойынша турлар мен орналастыру орындарын іздеу белсенділігі айтарлықтай өскені байқалады. Сарапшылар бұл үрдісті екі ел арасындағы тікелей әуе қатынасының кеңеюімен байланыстырады.
Agoda деректеріне қарағанда, оңтүстік астанаға қызығушылықтың артуына Eastar Jet әуе компаниясының Инчхон – Алматы бағытын іске қосуы ықпал еткен. Осы бағыт бойынша іздеу сұранысы 348 пайызға көбейген. Сондай-ақ Шымкент қаласына қызығушылық 89 пайызға өскен. Бұл өсімге мамыр айында SCAT әуе компаниясының Инчхоннан тікелей рейс ашуы сеп болды.
Сонымен қатар Air Astana Сеул – Алматы және Сеул – Астана бағыттарындағы әуе тасымалының жиілігін арттырған.
Agoda компаниясының Солтүстік Азия бойынша өңірлік директоры Джей Ли оңтүстіккореялық туристердің мәдениет, шытырман және шынайылықты біріктіретін бағыттарға қызығушылығы артқанын атап өтті.
— Біз оңтүстіккореялық саяхатшылардың шытырман, мәдениет және шынайылықты біріктіретін бағыттарға деген қызығушылықтарының айқын өскенін аңғарамыз. Бұл ретте Орталық Азия қызығушылық деңгейі артып келе жатқан аймақ ретінде ерекшеленеді, — деді ол.
Жалпы алғанда, Орталық Азия елдеріне қатысты іздеу сұраныстарының жиынтық көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 225 пайызға ұлғайған.
Kazakh Tourism Оңтүстік Кореяда Қазақстанның туристік әлеуетін ілгерілету бойынша жүйелі жұмысты жалғастыруда. Биыл екі елдің жетекші туристік компаниялары арасында серіктестікті дамыту мақсатында В2В-кездесулер мен ақпараттық турлар ұйымдастырылды.
Айта кетейік, Қазақстанның ұлттық киімдері Сеулде үлкен қызығушылық туғызды.