Қазақстан ОПЕК+ келісімінің сақталуын бақылау тобына кіреді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бакуде өтетін ОПЕК+ мониторинг комитетінің отырысына Қазақстан оның мүшесі ретінде қатысатын болады. Бұл туралы бүгін ҚР Энергетика вице-министрі Мағзұм Мырзағалиев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бізді шақырды, осы жылдан бастап кіреміз, іс жүзінде кірдік десек те болады. Мұнда қандай да бір нақты процедура қарастырылмайды. Министрлер деңгейіндегі алғашқы отырыс наурыз айында Бакуде өтеді деп жоспарланған. Аталған мониторингтік комиссияның отырысына біз де қатысамыз», - деді вице-министр Энергетика министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісінен кейін БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында.

Естеріңізге сала кетейік, ОПЕК мониторинг комитетінің 13-ші отырысы 13 наурыз күні Баку қаласында өтеді. Комитет ОПЕК келісімінің сақталуын бақылау және оны түзету туралы ұсыныстар әзірлеу үшін құрылған болатын.