Ұлттық аккредиттеу орталығы бас директорының бірінші орынбасары Серік Құрманғалиевтің айтуынша, бұған дейін Қазақстанда шығарылған органикалық өнімдерді шетелдің зертханалары тексеріп, арнайы куәліктер беріп отырды. Енді, аталған шараларды өзіміздің зертханаларымыз атқаратын болады. «Осы мәселені біз біраз уақыт талқыладық. Астана мен Алматыда көптеген шаралар өтті. Парламент Мәжілісінде де кеңінен қарадық. Сөйтіп, заңға өзгеріс енгізілді. Енді, тауарларға куәлік беретін өзіміздің мекемелеріміз органикалық өнімдерге де рұқсат қағаздарын бере алады. Негізі, Қазақстанда органикалық өнімдер көп. Оған деген сұраныс та жоғары. Бірақ куәлік беретін органдардың барлығы шетелде болған. Қазір арнайы стандарттер әзірленді. Осы саладағы органдарды аккредитациядан өткізуге әзірміз. Бүгінде алғаш рет органикалық өнімдерді тексеретін зертханалар аккредитациядан өтіп жатыр», - деді С.Құрманғалиев Астанада өткен баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, биыл елімізде алғаш рет парниктік газдардың көлемін тексеретін зертханалар да аккредитациядан өтті. «Қазақстанда шамамен 180 кәсіпорын СО2 сияқты парниктік газдарды ауаға артығымен шығарып отырады. Дәл осы кәсіпорындарды тексеру үшін жаңа зертханалар құрылды», - деп атап көрсетті С.Құрманғалиев.
Айта кетейік, Ұлттық аккредиттеу орталығы ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің Техникалық реттеу және метрология комитетіне қарайды.
Фото: mirmam.pro