Қазақстан Орта Азиядағы интеграцияны Жібек жолы төңірегінде топтастыруды ұсынады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Орта Азиядағы интеграцияны Жібек жолы төңірегінде топтастыруды ұсынады. Бүгін Астанадағы «Қазақстан» киноконцерт залында өткен Азия даму банкі Басқарушылар кеңесінің 47-ші жыл сайынғы отырысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осылай мәлім етті.

«Біздің барлығымызда Азия елдері арасындағы, сонымен бірге басқа интеграциялық бірлесіктер арасындағы ынтымақтастық шекарасын кеңейту қажет. Ашықтық, теңдік, өзара тиімділік ұстанымдарына негізделген өңірлік интеграция табысты даму үшін сенімді тетік болып табылады», - деді Н.Назарбаев.

Мемлекет басшысының пайымынша, Азия-Тынық мұхиты өңіріндегі ішкі өңірлік интеграцияның күшеюі, Оңтүстік-Шығыс Азиядағы экономикалық интеграция саласының қарқынды кеңеюі байқалып отыр.

«Біздің ортақ интеграциялық процесімізді Ұлы Жібек жолын жаңғырту төңірегінде топтастыруға болады. Қазіргі Жібек жолы аумағында шектесетін мемлекеттердің нарығы өзінің ауқымы мен әлеуеті бойынша теңдессіз болып саналады. Мұнда 3 миллиардтан астам адам тұрады», - деді Н.Назарбаев

Елбасы Қазақстанның Ортаазиялық өңірлік экономикалық ынтымақтастық бағдарламасы аясында Ауғанстан, Әзербайжан, Қытай, Моңғолия, Пәкістан, Тәжікстан, Түркіменстан, Өзбекстан сынды елдерімен жан-жақты ынтымақтастықты жолға қойып отырғандығын баса айтты.

«Соның арқасында Ортаазиялық өңірде ортақ экономикалық және көліктік инфрақұрылым қалыптасады. Қазақстан біздің өңіріміздегі мұндай қарым-қатынастарды дамытуға түбегейлі қызығушылық танытады»,- деді Елбасы.