Қазақстан — Орталық Азияда аналарды әлеуметтік қолдау деңгейі ең жоғары елдердің бірі

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан — бүгінде Орталық Азия елдері арасында аналарды әлеуметтік қорғау деңгейі жоғары мемлекеттердің бірі. Елімізде жүктілікке және босануға байланысты төленетін әлеуметтік төлемнің ең жоғары мөлшері 2 миллион теңгеден асады. Бұл қолдау шарасы ресми жұмыспен қамтылудың маңызын арттырып, әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысуға мүмкіндік береді. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мәлім етті.

Фото: Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі

Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» АҚ арқылы әлеуметтік төлемдерді тағайындау жүйесін тұрақты түрде жетілдіріп келеді. Әлеуметтік төлемдерді тағайындау процесі цифрлық технологиялар мен жасанды интеллекттің көмегімен жетілдірілуде. Негізгі мақсат — төлемдердің нақты құқығы бар азаматтарға әділ әрі уақытылы тағайындалуын қамтамасыз ету.

— Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі әділдік пен өзара жауапкершілік қағидаттарына негізделген. Әлеуметтік төлемдердің мөлшері азаматтың ресми еңбек өтіліне, табыс деңгейіне және әлеуметтік аударымдарының көлеміне тікелей байланысты. Аталған төлемдердің заңнама талаптарына сәйкес тағайындалуын қамтамасыз ету мақсатында МӘСҚ деректерді бағалаудың зияткерлік алгоритмдерін енгізді. Аталған тәсіл төлемдердің дұрыс есептелуін қамтамасыз етіп, жүйенің әділдігін күшейтеді, — делінген хабарламада.

Жаңа автоматтандырылған модель ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен Мемлекеттік кірістер комитетінің ақпараттық жүйелерінің деректерін біріктіру арқылы жұмыс істейді. Алгоритмдер әлеуметтік аударымдардың тарихын, табыс деңгейінің өзгеруін және еңбек қызметіне қатысты мәліметтерді талдайды. Соның нәтижесінде болашақ ананың еңбек өтілі мен нақты табысы расталған деректер негізінде әлеуметтік төлем мөлшері автоматты түрде есептеліп, төлемдерді тағайындау үдерісі дәлірек болады.

— Цифрландыру мемлекеттік қызметті алу үдерісін барынша жеңілдетті. Ресми жұмысы және расталған тұрақты табысы бар әйелдерге құжат жинаудың немесе мемлекеттік органдарға жүгінудің қажеті жоқ. Әлеуметтік төлем мөлшері автоматты түрде есептеледі, ал оны тағайындау үшін 1414 бірыңғай байланыс орталығынан келетін SMS-хабарламаға келісім беру жеткілікті, — деп хабарлады ведомстводан.

Осылайша, ресми жұмыспен қамтылу және әлеуметтік аударымдарды уақтылы төлеу жүктілік пен бала күтімі кезеңінде мемлекет тарапынан көрсетілетін әлеуметтік қолдауды толық көлемде алудың маңызды кепілі болып қала бермек.

Айта кетейік, жүктілік және босануға байланысты төлемге өтінішті енді екінші деңгейлі банктер арқылы беруге болады.