Бұл туралы Астанада алғаш рет өтіп жатқан Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) авиациялық қауіпсіздік апталығында айтылды.
ИКАО халықаралық азаматтық авиация стандарттарын әзірлеп, ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз етуге атсалысады. Қазір ұйымға 193 мемлекет мүше. Ал еліміз ИКАО-ға 1992 жылы қосылды.
Ұйымның Бас хатшысы Хуан Карлос Саласардың айтуынша, биыл Қазақстан ИКАО Кеңесінің құрамына кіруге ниетті.
— Биыл ИКАО Ассамблеясында Кеңес құрамына төрт жаңа мүше сайланады. Қазақстан Кеңес құрамына кіруге ниетті және осы бағытта белсенді жұмыс жүргізіп келеді. Қазақстан авиациялық қауіпсіздік талаптарын орындау деңгейі жоғары елдердің қатарында. Халықаралық стандарттарды сақтау елдің өңірлік жүк және жолаушылар тасымалы хабына айналуына мүмкіндік береді, — деді Хуан Карлос Саласар.
Оның сөзінше, Қазақстан үшін тағы бір маңызды міндет — білікті мамандар даярлау. Өйткені авиациялық қауіпсіздік қызметкерлердің білімі мен кәсіби даярлығына тікелей байланысты.
Халықаралық іс-шара авиациялық қауіпсіздік пен киберқауіпсіздіктің өзекті мәселелеріне арналған.
Жиынға әлемнің оннан астам елінен авиация саласының өкілдері мен халықаралық ұйымдардың басшылары қатысып жатыр.
— Қазақстан ИКАО стандарттары мен ұсынымдарын сақтайды. Қазір ұйыммен бірлесіп, 2050 жылға дейінгі азаматтық авиацияны дамыту жөніндегі бас жоспар әзірленіп жатыр. Сонымен қатар халықаралық әуе қатынасы кеңейіп келеді. Қытай және Түркиямен рейстер саны екі есе артты. Қазақстан ашық аспан саясатын ұстанып, халықаралық серіктестермен ынтымақтастықты дамытуға дайын, — деді ҚР Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев.
Жиында цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектінің дамуына байланысты туындайтын тәуекелдер, киберқауіптердің көбеюі және ұшқышсыз ұшу аппараттарының таралуы талқыланады.
Хуан Карлос Саласардың айтуынша, жасанды интеллект азаматтық авиацияда да кеңінен қолданыла бастады.
— Жасанды интеллект деректерге сүйеніп, жедел шешім қабылдауға көмектеседі. Алайда авиациялық қауіпсіздікке жаңа қатерлер де тудыруы мүмкін. Сондықтан бұл мәселе осы аптадағы талқылаудың негізгі тақырыптарының бірі болады, - деді Хуан Карлос Саласар.
Оның сөзінше, алдағы уақытта жасанды интеллект жолаушыларды, жүктер мен багажды тексеру тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде авиациялық қауіпсіздік мамандарының жұмысын жеңілдетеді.
Айта кетейік, авиациялық қауіпсіздік апталығы 2001 жылдан бері әлемнің түрлі елдерінде өткізіліп келеді. Биыл Қазақстан халықаралық іс-шараны алғаш рет қабылдап отыр.
Еске сала кетейік, жақында Көлік министрлігінің Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Салтанат Томпиева ИКАО-ның Ғаламдық елшілер бағдарламасы аясында елші болып тағайындалды.