Қазақстан Орталық Азияда нәресте өлімінің ең төмен көрсеткішіне қол жеткізді

АСТАНА. KAZINFORM- Қазақстан Орталық Азия елдері арасында жаңа туған нәрестелер өлімінің ең төмен көрсеткішіне қол жеткізді. Қазіргі таңда тірі туған әрбір 1 000 нәрестеге шаққанда 3 өлім жағдайы тіркеледі. Сонымен қатар еліміз БҰҰ-ның балалар өлімін азайтуға қатысты Тұрақты даму мақсаттарын мерзімінен бұрын орындады.

Фото: ҚР Денсаулық сақтау министрлігі

ҚР Денсаулық сақтау министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, медициналық көмектің қолжетімділігін одан әрі арттыру үшін Қазақстанда 16 жаңа балалар ауруханасы мен перинаталдық орталық салу жоспарланып отыр.

Жаңа туған нәрестелер өлімінің төмендеуіне перинаталдық көмекті жүйелі түрде дамыту, заманауи технологияларды енгізу және ана мен балаға медициналық көмек көрсету жүйесін жетілдіру ықпал етті.

Бүгінде дене салмағы өте төмен болып туған нәрестелердің өмір сүру көрсеткіші 57%-ды құрайды. Алдағы уақытта бұл көрсеткішті арттыру, мамандандырылған көмекті дамыту және медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық базасын нығайту бағытындағы жұмыстар жалғасады.

Туа біткен ауруларды ерте анықтауға және жүктілік кезінде медициналық бақылауды қамтамасыз етуге де ерекше назар аударылып отыр.

Фото: ҚР Денсаулық сақтау министрлігі

«Аналар саулығы» бағдарламасы аясында ұрықтың саулығын сақтау орталықтарының 22-сінде бір күндік клиникалар ашылып, диагностика мен құрсақішілік емдеудің заманауи әдістері енгізілді.

Нәтижесінде туа біткен даму кемістіктерін анықтау көрсеткіші 12%-ға артып, осы себептерге байланысты нәресте өлімі 15%-ға төмендеді.

Алдағы уақытта ана мен бала денсаулығын сақтау қызметін дамыту медициналық көмектің сапасын арттыруға, қауіп-қатерлерді ерте анықтауға және Қазақстанның барлық өңірінде заманауи диагностика мен емдеу әдістерінің қолжетімділігін қамтамасыз етуге бағытталады.

Айта кетейік, осыған дейін хабарлағанамыздай, елімізде ана өлімі 6,7 есе, нәресте өлімі 5,2 есе азайды.