Қазақстан Орталық Азияның Ең озық қолжетімді технологиялар бюросын ашуды ұсынды

Фото: Фото: Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы

АСТАНА. KAZINFORM — Биыл елдегі 50 ірі кәсіпорын ең озық қолжетімді технологияларды енгізіп, кешенді экологиялық рұқсат алуға міндетті. Ал 2031 жылдан бастап бұл талап бірінші санаттағы барлық кәсіпорынға қолданылады. Талап орындалмаған жағдайда экологиялық төлем 2, 4 және 8 есеге ұлғаяды. Бұл туралы Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығында өткен кездесуде айтылды. 

Кездесуде өнеркәсіпті кешенді экологиялық рұқсатқа көшіру, өндірісте ең озық қолжетімді технологияларды енгізу бойынша жаңа экологиялық реформа талқыланды.

− Ең озық қолжетімді технологиялар — жай ғана техникалық термин емес, өнеркәсіпті жаңғыртуға, экологиялық жүктемені азайтуға және өңірлердің орнықты дамуына апаратын жол. Біздің алдымызда тұрған экологиялық сын-қатерлер жүйелі тәсілді және мемлекеттің, бизнестің және сарапшылар қауымдастығының күш-жігер біріктіруін талап етеді. Экономикалық өсудің экологиялық күн тәртібімен қайшылыққа түспейтіндей теңгерімді дамуы маңызды. Бұл процестер формалды түрде емес, кәсіпорындардағы нақты жағдайларды ескеріп және сөзсіз мемлекет тарапынан қолдау көрсету арқылы жүргізілуі керек, − деді Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Мансұр Ошурбаев.

Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығының басқарма төрағасы Сәкен Қалқамановтың айтуынша, орталық ірі кәсіпорындарға ең озық қолжетімді технологияларға ауысуға жәрдемдеседі, бұл қоршаған ортаға зиянды шығарындыларды едәуір азайтуға мүмкіндік береді.

− Орталық 100-ден астам ірі өндірістік нысанға кешенді технологиялық аудит жүргізді. Осы жұмыстың негізінде энергетика, мұнай-газ, химия, металлургия және басқа салаларға арналған 20 салалық ең озық қолжетімді технология анықтамалығы әзірленді. 7 анықтамалықтың Еуропалық Одақта баламасы жоқ. Біздің анықтамалықтарымыз Еуропа мен Ресейдегі анықтамалықтармен ұқсас, бірақ біз әзірлеген 7 анықтамалық Еуропалық Одақта жоқ. Мысалы, алюминий өндіру, темір кені мен металдарды өндіру, байыту сияқты салаларды айтуға болады. Орталық Азияда ең озық қолжетімді технологияларға ауысу бірегей жоба болып отыр. Қазіргі уақытта Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан, Әзербайжан секілді елдеріндегі әріптестеріміз бізден үйреніп, тәжірибе алғысы келеді. Сондықтан біз Орталық Азияның Ең озық қолжетімді технологиялар бюросын енгізуді ұсынамыз, мұнда біз аймақтағы елдерге және кәсіпорындарға ЕОҚТ-ға көшуге көмек көрсетеміз. Себебі технологиялық процесс Өзбекстанда, Әзербайжанда және барлық посткеңестік елде ұқсас және біздің мамандар көмектесе алады, − деді Сәкен Қалқаманов.

Анықтамалықтарды әзірлеу процесі өте күрделі және бір жылға дейін созылады. Дегенмен бұл процесс барынша ашық жүргізіледі, оған бизнес, мемлекеттік органдар, ғылым мен қоғамдық ұйымдар қатысады. Қорытынды анықтамалықтарды Үкімет бекітеді және «Әділет» базасында жарияланады. Дөң кен байыту комбинаты, ССГПО, «ПетроҚазақстан Ойл Продактс» ЖШС секілді бірқатар кәсіпорын осы әзірленіп, бекітілген анықтамалықтар негізінде кешенді экологиялық рұқсат (КЭР) алып үлгерді.

— Қазақстанда бірінші санатта шамамен 1500 кәсіпорын бар. Олардың барлығы ЕОҚТ енгізіп, кешенді экологиялық рұқсат алуы қажет. Бұл кезең-кезеңімен жүзеге асады: 2025 жылдан бастап алғашқы 50 ірі кәсіпорын, ал 2031 жылдан бастап қалған барлық кәсіпорынға міндетті болады. Уақытында көшпегендер үшін 2, 4 және 8 есе көбейтілген экологиялық төлемдер көзделген. Бұл төлемдер әр 3 жыл сайын еселеніп отырады. Кідіріс кәсіпорындарға қымбатқа түседі. Ал ЕОҚТ енгізіп, КЭР алғандар бұл төлемдерден босатылады. Енді мал шаруашылығы, құс шаруашылығы секілді анықтамалықтары жоқ салаларға ерекше назар аудару қажет. Келесі жылдан бастап Экология министрлігімен бірлесіп, тағы 3 анықтамалық әзірлейміз, − деді орталық басшысы.

Экология және табиғи ресурстар министрлігі Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің хабарлауынша, жалпы республика бойынша зиянды заттар шығарылымының негізгі үлесі — 63 пайызы 50 ірі өнеркәсіптік кәсіпорынға тиесілі. Экономика салалары бойынша эмиссияның 44 пайыздан астамы жылу энергетикасы кәсіпорындарына, 14 пайызы — шойын, болат және ферроқорытпа өндірісіне, 11 пайызы — мұнай-газ секторына келеді.

Фото: Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы

Әзірге 8 ірі өнеркәсіптік кәсіпорын кешенді экологиялық рұқсат (КЭР) алды. Оған қосымша басқа да КЭР алуға өтінімдер қаралып жатыр. КЭР алмаған ірі кәсіпорындар үшін эмиссия төлемақысының мөлшерлемесін 2, 4 және 8 есеге дейін ұлғайту көзделген. Қазіргі таңда 28 кәсіпорын эмиссия төлемін екі еселенген мөлшерде төлеп жатыр. Алдағы уақытта мөлшерлемені арттыру кәсіпорындарды ЕОҚТ енгізуге ынталандыра түспек.

Фото: Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы

Сонымен бірге, Энергетикалық кеңес отырысында энергия өндіретін 22 ұйымның ЕОҚТ енгізу мерзімін 2025 жылдан 2031 жылға шегеру шешімі қабылданған. Бұл шешім олардың елдің әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығын қамтамасыз етудегі маңыздылығына байланысты қабылданды. Алайда оларға әр кәсіпорын бойынша нақты шаралар мен нақты мерзімдері көрсетілген кешенді жоспарды Үкіметке ұсыну шарты міндеттелген.

Сонымен бірге, кеңесте КЭР-ге көшуді бастаған кәсіпорындардың баяндамалары тыңдалды. Атап айтқанда, «Karmet» АҚ мен «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ өздерінің жол карталарын ұсынды және тұрақты даму шеңберінде ЕҚТ енгізетіндерін айтты.

Бұған дейін Үкімет басшысы Олжас Бектенов химия кәсіпорындарында қоршаған ортаны қорғау мәселелерін көтеріп, экологиялық талаптарды сақтау керектігін баса айтқан еді.