Іс-шараға Тәжікстан Республикасының Президенті Эмомали Рахмон, сондай-ақ Орталық Азия елдерінің су шаруашылығы ведомстволары басшылары бастаған делегациялар қатысты.
Қазақстан делегациясына Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов жетекшілік етті.
Министр өз сөзінде мемлекеттің суға ұқыпты қарау мәдениетін дамыту, заманауи экологиялық сын-қатерлерге сай су заңнамасын жаңарту, су ресурстарын басқарудың озық технологияларын енгізу және өнеркәсіпте суды пайдалану тиімділігін арттыру бағытында қолға алған шаралары туралы айтты.
Ведомство басшысы сондай-ақ Қазақстанның су саласындағы өңірлік және халықаралық өзара іс-қимылды жетілдіруге бағытталған бастамаларына ерекше тоқталды. Оның ішінде халықаралық су құқығының қағидаттары мен нормаларына негізделген әрі өңір мемлекеттерінің практикалық ынтымақтастығын нығайтуды көздейтін Орталық Азияның су пайдалану жөніндегі Негіздемелік конвенциясын әзірлеу бастамасы бар.
Сонымен қатар Нұржан Нұржігітов Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың БҰҰ жүйесі аясында Халықаралық су ұйымын құру жөніндегі бастамасының маңызын атап өтті.
Биыл сәуір айында Астанада өткен Өңірлік экологиялық саммит аясында Қазақстан осы мәселе бойынша халықаралық консультациялардың алғашқы кезеңін өткізуді ұсынған болатын. Консультацияларға 30-дан астам мемлекет пен 20 халықаралық ұйымнан шамамен 140 өкіл қатысып, бастама халықаралық қауымдастық тарапынан кең қолдау тапты.
-Душанбедегі су процесі - су қауіпсіздігіне қатысты өзекті мәселелерді талқылап, нақты шешімдер әзірлеу үшін мемлекеттерді, халықаралық ұйымдарды, сарапшылар мен даму жөніндегі серіктестерді біріктіретін маңызды алаң. Қазақстан су ресурстарын ұтымды пайдалану мен мұздықтарды сақтау мәселелерін ілгерілету бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды жоғары бағалайды. Орталық Азия трансшекаралық ынтымақтастықтың бірегей тәжірибесіне ие. Өңір елдері көп жылдан бері тұрақты диалог пен бірлескен шешім қабылдау тетіктерін сақтап келеді. Бұл тәжірибе өте құнды әрі әлемдегі өзге де трансшекаралық бассейндерге үлгі бола алады. Өңірдегі қолданыстағы ынтымақтастық тетіктері өзара ықпалдастықтың берік негізін қалыптастырып, тұрақты су пайдалануды қамтамасыз етуге елеулі үлес қосты. Сонымен бірге қазіргі сын-қатерлер қолданыстағы тәсілдерді одан әрі жетілдіру мен бейімдеуді талап етеді», - деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.
Осыған дейін ҚР Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов, Тәжікстан Республикасының Энергетика және су ресурстары министрі Джума Далер және Өзбекстан Республикасының Су шаруашылығы министрі Шавкат Хамраев 2026 жылдың маусым-тамыз айларына арналған «Бахри-Точик» су қоймасының жұмыс режимін келіскені туралы жаздық.