Қазақстан Орталық Азия елдері мен Ресейге экспортты ұлғайта алады

АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстан Орталық Азия елдері мен Ресейге экспортты ұлғайта алады. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Орталық Азия – Ресей» саммитінде айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазіргі уақытта өндірістеріміздің дамуымен бірге өзара тиімді негізде шетелдік өнімдердің көптеген түрлерінің орнын баса аламыз. Экспорттық және импорттық операцияларды талдау осы бағыттағы кең мүмкіндіктерді көрсетіп отыр», - деді Мемлекет басшысы.

Қ. Тоқаев Қазақстанның Орталық Азия елдеріне экспортты 1 млрд долларға дейін арттыруға дайын екенін жеткізді.

«Сонымен бірге, біз Ресей Федерациясына жеткізілетін қазақстандық өнімді 1 млрд доллардан аса ұлғайта аламыз. Өңірдің басқа мемлекеттерінде де осындай ресурстар бар екеніне сенімдімін», - деді Президент.

Айта кетейік, елордада «Орталық Азия-Ресей» саммиті басталды.

Жоғары деңгейдегі кездесуге Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Ресей президенттері келді, олар алтыжақты форматтағы ынтымақтастықтың келешегін талқылап жатыр.

Бұған дейін Мемлекет басшысы Орталық Азияның жекелеген елдеріндегі шекара мәселесіне пікір білдірген еді.

Сонымен бірге, Қ. Тоқаев Орталық Азия елдері мен халықтарының негізгі мүдделеріне сүйене отырып, жаңа қауіптердің алдын алу және оларға уақтылы жауап қату үшін пәрменді құралдарды әзірлеу қажеттігін айтты.