Қазақстан Орталық Азияның ең ірі транзиттік-көліктік, логистикалық хабы болады - Н.Назарбаев

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Орталық Азияның ең ірі транзиттік-көліктік, логистикалық хабы болады. Бүгін Ақордада Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елші болып

тағайындалған бірқатар шетелдік дипломаттан сенім грамотасын қабылдаған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осылай деді. «Нұрлы жол» атты жаңа экономикалық саясатымызды іске асырудамыз. Біз индустриялық-инновациялық бағдарламамыздың екінші кезеңін іске асыруды бастадық. Біздің алдағы мақсатымыз - көлік инфрақұрылымын дамытып, Азия мен Еуропаны жалғайтын жол жасау. Қазақстан Орталық Азияның ең ірі транзиттік-көліктік, логистикалық хабы болады», - деді ҚР Президенті.

Сонымен қатар, Елбасы Астана халықаралық «ЕХРО-2017» көрмесін өткізуге дайындалып жатқанын, бұл көрме болашақтың энергиясы деген тақырыппен ұйымдастырылатындығын еске салып өтті.

«Қазақстан-2050» Стратегиясы шетелдік серіктестермен де тиімді ынтымақтастықты қарастырады. Ең алдымен инвестициялық байланыс, технология алмасу салаларына мән беріледі. Инновациялар мен озық тәжірибелерді импорттау, елдің өнім экспортын ұлғайту мәселелері назарда болады», - деген Мемлекет басшысы жаңа Елшілердің қызметтері екіжақты байланыстарды барынша арттыратындығына сенетіндігін баса айтты.