Қазақстан Орынбор облысының маңызды стратегиялық және ірі сауда әріптесі–Орынбор облысы мәдениет, қоғамдық және сыртқы байланыстар министрі В.Шориков
Қазақстан Республикасы Орынбор облысының маңызды стратегиялық және ірі сауда әріптесі болып табылатынын және солай болып қала беретінін айтты.
Оның сөзіне қарағанда, Орынбор облысы Қазақстанның Батыс Қазақстан, Ақтөбе және Қостанай облыстарымен шектеседі. Осы аралықтағы шекараның ұзындығы - 1876 шақырым. Орынбор облысы құрамында шекаралас 13 аудан мен Орск, Новотроицк қалалары бар. Шекаралас аумақтар үлесіне тұрғындардың 38 пайызы, өнеркәсіп өндірісінің 34 және ауыл шаруашылығының 35 пайыздан астамы тиесілі. Өлкенің Қазақстанмен тығыз байланысын мынадан-ақ шамалай беруге болады. Ресей мен Қазақстанның сыртқы сауда айналымы көлемінің 10,0 пайыздан астамы Орынбор облысының үлесіне тиеді. Орынбор облысының ТМД елдерімен сыртқы саудасындағы Қазақстанның үлесі 2009 жылы 70,6 пайызды құраса, биылғы тоғыз айда өзара сауда көлемі өткен жылғы осы кезеңнен 25,0 пайызға өсіп, 1 миллиардқа жуық АҚШ долларына жетті.
Орынбор Қазақстанға табиғи газ, шикі мұнай, мұнай өнімдері, кокс, машина жасау өнімдері, азық-түлік, қара және түсті металдар, цемент, тыңайтқыш, асбест шығарса, керісінше көрші елден отын-энергетикалық кешен өнімдері, қара металл мен одан жасалатын бұйымдар, хром кені, цемент шикізаты, кварцит, неорганикалық химия өнімдері, азық-түлік әкелінеді.
Бірқатар орынборлық кәсіпорындар қазақстандық әріптестерімен тығыз байланыс орнатқан. Олардың қатарында «Сервисно-промышленная компания» ЖАҚ, «Газпром добыча Оренбург» ЖШҚ, «Уральская сталь» ААҚ, «Оренбургнефть» ААҚ және басқаларын атауға болады.
Жыл сайын көрме-жәрмеңкелер, бизнес-семинарлар, ғылыми конференциялар бірлесіп өткізіліп келеді. Мәселен, биыл 13 шілдеде Ақтөбеде өткізілген «Еуропа - Азия. Шекарасыз ынтымақтастық» бірлескен ресейлік-қазақстандық ІХ көрмесіне Қазақстан мен Ресей аймақтарынан 130-дан астам, соның ішінде Орынбордан 54 кәсіпорын қатысты.
Кедендік одақтың құрылуы да Орынбор мен Қазақстан ынтымақтастығына оң әсер етіп отыр. Бұл мәселе биылғы сәуір айында Орынборда бүкілресейлік «Единая Россия» саяси партиясы мен «Нұр Отан» ХДП-ның аймақтық партияаралық екінші кеңесінде талқыланды.
Қазақстан Орынбор экономикасына қаржы құйып та келеді. 2009 жылдың қорытындысы бойынша аймақтық шетелдік инвестицияның 7,6 пайызы немесе 41,5 млн. АҚШ доллары Қазақстан үлесінде. Ал 2010 жылы қазақстандық инвесторлардың үлесі 9,2 пайызға жетті. Орынбор облысында қазақстандық қаржының қатысуымен 38 кәсіпорын тіркелген.
Бірнеше ірі инвестициялық жоба Қазақстан Республикасымен бірлесіп жүзеге асырылуда. Орал қаласында өткен шекаралас аймақтардың форумында 2006 жылы 3 қазанда қол қойылған үкіметаралық келісімге сәйкес Орынбор газ өңдеу зауыты базасында бірлескен қазақстандық-ресейлік кәсіпорын құрылуда. Қазіргі кезде жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі нақтыланып, құрылтайшылық құжаттар әзірленуде.
Орынбор мен Батыс Қазақстан облыстары трансшекаралық Жайық өзенін сақтау мен экожүйесін сауықтыру бағытында бірлесіп бастама көтерді. Қазіргі кезде құрылған үкіметаралық қазақстандық-ресейлік комиссия 2011 жылдан бастап іске кіріспек.
Сагаршын автомобиль өткізу бекеті тұсында Орынбор арқылы өтетін «Қытай-Қазақстан-Ресей-Батыс Еуропа» халықаралық көлік дәлізі де Ресей аймақтарының Орталық Азия елдерімен сыртқы экономикалық байланысы нығаюына мықты ықпал етпек.
Орынбор Қазақстанмен ғарыш саласында да тығыз байланыста. Облыс аумағында халықаралық «Днепр» ғарыш бағдарламасы табыспен жүзеге асырылуда. Болашақта «Домбаровский» ауданы маңын қазақстандық жер серіктерін ұшыру үшін бірлесіп пайдалану көзделуде.
Қазақстандық-ресейлік шекараның халықаралық-құқықтық мәртебесінің белгіленуі де ынтымақ аясының кеңеюіне әсер етіп отыр. Делимитациялау бітіп, қазіргі кезде демаркациялық жұмыстар жүргізілуде. Үкіметаралық келісімге сәйкес шекаралас аудандарда 22 қосымша орын ашу көзделсе, жеңілдетілген осындай бекеттің 17-сі жұмыс жасап тұр. «Илек», «Орск», «Маштаков» автомобиль, «Илецк-2» теміржол бекеттерінде көпжақты, жаңа құрылыстар салынуда.
Орынборда талай қазақ ақын-жазушылары, ағартушы, мемлекет қайраткерлерінің қызмет еткені мәлім. Олардың есімдері Орынбор қаласының көшелеріне берілген. Мәселен, саяси қайраткер Әліби Жангелдин, ғалым-ұстаз, ағартушы Ыбырай Алтынсарин атындағы көшелер бар.
Ғылым, білім, денсаулық сақтау және басқа салаларда байланыс нығайып келеді. Мәселен, «Көз микрохирургиясы» салааралық ғылыми-техникалық кешені Орынбор филиалында биыл 14 мыңнан астам ота жасалса, соның 2900-ы Қазақстан азаматтарының үлесінде. Қазақстанның шекаралас аумақтары тұрғындары басқалай да медициналық қызметтерді пайдаланып келеді.
Орынборда 125 мыңнан астам қазақтар тұрады. Осындағы қазақ халқының этномәдени дамуы бағытында 13 ұлттық-мәдени қоғамдық бірлестік жұмыс жасайды. Олардың басын 1999 жылы құрылған Орынбор қазақтары қауымдастығы біріктіріп отыр. Облыстың 12 қаласы мен ауданындағы 35 білім мекемесінде қазақ тілі оқытылып, онымен 900-дей адам қамтылған. Сондай-ақ Орынбор оқу орындарында 1100 Қазақстан азаматы білім алады.
Мәдениет үйлерінде 69 қазақ фолькорлық шығармашылық ұжымы жұмыс жасап, Орынбор үкіметінің қолдауымен «Жаңа Айқап» газеті шығып келеді. «Ұлттық ауыл» мәдени кешенінде қазақ орталығы да белсенді жұмыс істеуде.Қазақ ұлтының өкілдері облыстың түрлі саласында басшылық қызметтер атқаруда. Мәселен, Сарақташ ауданының басшысы Бахчан Жанбаев, Ресей Федерациясының еңбек сіңірген мұғалімі, облыстық «Балалық шақ үйі» санаторийінің директоры Валентина Тазекенова, профессор, ауыл шаруашылығы ғылымдарынң докторы Асылхан Қалиев, «№2 нан өнімдері» ЖАҚ бас директоры Алтай Жоламановтың есімдерін атауға болады.
«Болашақта да гуманитарлық және экономикалық байланысты нығайтудың маңызы зор. Аға ұрпақ тату көршілік, бір-бірін құрметтей білу рухында тәрбиеленген. Осы дәстүрді жас ұрпақ бойына сіңіре білуіміз керек. Ең бастысы, Қазақстан мен Ресейді байланыстыратын достық тінінің үзілмейтіні анық», - деп қорытты ойын В.Шориков.