Бұл туралы бүгін Қазақстан мен Қырғызстан Жоғары мемлекетаралық кеңесінің үшінші отырысынан кейін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мәлім етті.
«Қазақ халқының, Қазақстанның, менің жеке басымның барлық ойлайтынымыз - Қырғызстанның ішінде тыныштық орнап, экономикасы көтеріліп, халқының жағдайының түзелуі. Мен келген сайын осыны айтамын. Барлық төңкерістен, соғыстан өттіңіздер. Қашанғы соның артында жүре беруге болады? «Кімде-кім 25 жасқа дейін төңкеріс жасамаса, онда оның жүрегі жоқ, ал кімде-кім 40 жасында консерватор болмаса, онда оның миы жоқ», деген сөз бар. Енді, ақыл кіретін жағдайлар болды. Осыдан ары бәрі түзеліп кетсе екен деп ойлаймыз», - деп баса айтқан Мемлекет басшысы Қазақстан тарабы қырғыз еліне қолынан келген көмекті жасауға әр уақытта дайын екендігін ескертіп өтті.
Осыдан кейін Елбасы екі елдің арасындағы сауда-экономикалық қарым-қатынастарға тоқталып, оның соңғы уақытта 2 есеге өскендігін, соңғы 5 айда 470 млн. долларға жеткендігін айтты.
«Қырғызстанда қазақстандық капиталдық катысуымен 320 бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді. Қазақстаннан құйылған тікелей инвестиция 1 млрд. АҚШ долларын құрайды. Қырғызстанда қалыптасқан қиын ахуалға орай біз елдегі өнеркәсіпті көтеру үшін құрылған Қазақстан-Қырғызстан бірлескен қорына 100 млн. доллар мемлекеттік ақша бөлдік. Бүгін міне 4 жобаға қол қойылды. Менің ойымша, бұл одан әрі жалғасатын болады әрі осы 100 млн. доллар қаржы елдеріңізде игеріледі. Елдің оңтүстіндегі Ошта орын алған тонаушылықтардан кейін Қазақстан шамамен 40 млн. долларға қайтарымсыз гуманитарлық көмек көрсетті», - деді Елбасы.