Қазақстан өз тарихында жаңа кезеңге қадам басты - Дархан Қыдырәлі

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыда халықаралық Түркі академиясы (TWESCO) ұйымдастырған «Рухани жаңғыру: тұлғалар тағлымы» дөңгелек үстелі барысында қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру мәселесі талқыланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ғалымдар, академиктер ел дамуының маңызды тарихи кезеңі туралы пікірлерін білдірді.

«Бүгінгі бас қосуда Рухани жаңғыру аясында  Елбасының латын әліпбиіне көшу туралы жарлыққа қол қоюынан соң бірден өтуінің үлкен мәні бар. Бұл жарлықты лингвист ғалымдар, түркологтар, зиялы қауым өкілдері талдауы заңдылық. Арамызда латын әліпбиіне көшуді  90-жылдары көтерген аға-апаларымыз отыр. 1992 жылдары да Мұрат Жұрынов ағамыз, басқа да белгілі ғалымдар осы жөнінде газет беттерінде мақалалар жариялаған болатын. Олардың бәрі шындыққа айналып, Қазақстан өз тарихында жаңа кезеңге қадам басып отыр», - деді Түркі академиясы халықаралық ұйымының басшысы Дархан Қыдырәлі.

Ал ҚР ҰА президенті Мұрат Жұрынов енді іске көшетін уақыт келгенін айтты.

«Бүгінгі өте маңызды мәселе - сиясы кеппеген Елбасы жарлығы. Латын әліпбиіне көшуді 94 жылдан бері әбден пісірдік. Президент жарлығынан кейін пікір айтуды тоқтатып, орындау керек. Енді іске көшейік. Осы әліпби компьютерге  сыяды, барлық принциптер енгізілген, оңай, қолайлы. Қазақ жері түркі дүниесінің қара шаңырағы, барлық түркі ұрпағы осы ұлы даладан шыққан», - деді Мұрат Жұрынов.

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы Жарлыққа қол қойды.